Салықтар қашан және қалай төленеді?

Qaz365.kz редакциясы
Үкімет

Қазақстанда республикалық бюджетке салықтарды есептеу және түсімдердің мерзімдері бойынша нақты тәртіп бекітілді. Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 9-отырысында талқыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz..

Мемлекеттік бюджет кірісінің негізгі көздері ретінде корпоративтік табыс салығы (КТС), қосылған құн салығы (ҚҚС) және пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС) белгіленген. КТС бойынша аванстық төлемдер ай сайын, есепті айдың 25-күніне дейін төленуі тиіс. Сонымен қатар, 2026 жылдың наурыз-сәуір айларында 2025 жылғы қызмет қорытындысы бойынша негізгі түсімдер күтілуде. Ал аванстық төлем жасамайтын салық төлеушілер 2026 жылдың қорытындысын 2027 жылдың 10 сәуіріне дейін есептейді.

Қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеу тоқсан сайын жүргізіледі. Мәселен, 25 ақпанда өткен жылдың IV тоқсаны үшін, ал мамыр, тамыз және қараша айларында биылғы жылдың тиісті тоқсандары үшін төлем жасалады. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС) да дәл осы ҚҚС кестесіне ұқсас мерзімдерде бюджетке аударылады. Резидент еместер үшін импорттық ҚҚС кедендік тазарту кезінде немесе қызмет сатып алынған сәтте бірден төленуі тиіс.

Анықтама ретінде айта кетсек, Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе салық жүйесін ашық әрі түсінікті ету мақсатында жұмыс істейді. Бюджет түсімдерінің басым бөлігі ірі кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін тікелей салықтар есебінен қалыптасады. Салық төлеу мерзімдерін сақтау бюджеттік міндеттемелерді уақытылы орындауға мүмкіндік береді.