Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар салдарынан туындаған шикізат тапшылығы жағдайында қазақстандық мұнай бағасы айтарлықтай қымбаттады. Reuters агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, наурыз-сәуір айларына арналған CPC Blend мұнайының партиялары Brent маркасына қарағанда барреліне $1–2 үстемемен сатылуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін қазақстандық шикізат Brent бағасынан 5 долларға дейінгі жеңілдікпен ұсынылып келген болатын. Сарапшылардың пікірінше, бағаның өсуіне Жерорта теңізі мен Еуропа нарықтарының Каспий мұнайына сұранысының артуы себеп болған. Әсіресе, аймақтағы геосаяси тұрақсыздық кезінде CPC Blend Еуропа өңдеушілері үшін негізгі шикізат сорттарының біріне айналып отыр.
Дегенмен, CPC Blend экспортында тұрақсыздық сақталуда. Бұған қолайсыз ауа райы, Теңіз кенішіндегі техникалық мәселелер және Ресейдің Новороссийск портындағы инфрақұрылымдарға жасалған дрон шабуылдары тікелей әсер етуде. Мәселен, өткен жылдың соңындағы шабуылдардан кейін Қазақстанда мұнай өндірісі 6%-ға қысқарған болатын. Трейдерлер алдағы уақытта Каспий мұнайының бағасы жоғары деңгейде қала беретінін, бірақ баға ауытқуы геосаяси ахуалға тікелей байланысты болатынын болжайды.
CPC Blend — Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштерінде өндірілетін мұнай сорты. Ол Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы халықаралық нарыққа шығарылады. Қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы соғыс әлемдік логистикалық тізбектерді өзгертіп, Каспий аймағынан келетін шикізаттың стратегиялық маңызын арттырып отыр.