Қазақстанның аграрлық секторындағы жер мәселесі – ел экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылығының негізгі өзегі. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару науқаны 2025 жылы жаңа қарқын алып, бір жүйеге түскен болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Өткен жылғы жұмыстың басты ерекшелігі – жерді басқару ісіне цифрлық технологиялар мен қатаң ведомствоаралық бақылаудың енгізілуі болды. Мемлекеттік жер саясатының басты бағыттарының бірі ретінде жер ресурстарын ұтымды пайдалануды бақылау мақсатында 2024 жылдың қыркүйегінен бастап Ауыл халқының мұқтажы үшін жерді қайта бөлуді және жер ресурстарын ұтымды пайдалануды бақылау жөніндегі республикалық комиссия тұрақты жұмыс істеп келеді.
2025 жылдың бақылау-қадағалау жұмыстарының қорытындысына сәйкес жоспардағы 2 млн гектар жерді қайтару міндеті артығымен орындалып, мемлекет меншігіне 2,1 млн гектар жер қайтарылған. Оның ішінде 1,05 млн гектар жер ірі жер иеленушілерден алынды. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 2022 жылдан бері қайтарылған жерлердің 8,5 млн гектары қайта бөлінді. Оның ішінде 2,8 млн гектары жергілікті халыққа мал жаю үшін берілсе, 5,7 млн гектары конкурс негізінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге табысталған. Қалған 5,1 млн гектар жерді 2026 жылдың ортасына дейін тұрақты ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарлануда.
Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, жергілікті халықтың жайылымдық жерлерге деген мұқтаждығын өтеу мәселесі бірінші кезекке қойылды.
«Біздің басым бағыттарымыздың бірі – адал жер пайдаланушылардың құқығын қорғау болды. Президент тапсырмасына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, комиссиялардың регламентіне өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте жер пайдаланушылардың адалдығын бағалау жүйесі енгізіліп, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың нақты мерзімдері белгіленді. Бұл өтініштерді қарауды тездетіп, фермерлерді қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді», – деп атап өтті комитет төрағасы.
Бұл қадамдар жер қатынастары саласындағы бюрократиялық кедергілерді азайтып, шаруалар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.
Дегенмен қазіргі заманғы жер басқару ісін цифрландырусыз елестету мүмкін емес. 2025 жылы жер ресурстарының Біріңғай цифрлық платформасын құруға ерекше көңіл бөлінді. Бұл платформа кадастрлық мәліметтерді, далалық зерттеу нәтижелерін және Жерді қашықтықтан зондтау материалдарын бір жүйеге біріктіреді. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 6,6 млн гектар алқапта топырақ зерттеулері, ал 7,5 млн гектарда геоботаникалық ізденістер жүргізілді.
Жалпы ізденіс жұмыстарының көлемі 29 млн гектардан асады. Ал 2026 жылдың қаңтарында бірыңғай топырақ кластерлік қызметінің қалыптасуы аяқталды, бұл Қазақстанның жер қорын ғылыми негізде басқаруға жол ашады. Мұндай ауқымды деректер базасы жердің әр гектарының жай-күйін бақылап отыруға және инвестициялық жобаларды жоспарлауға септігін тигізеді.
Жерді пайдалануға беру рәсімдерін жеңілдету мақсатында 2025 жылдың тамыз айында уақытша жер пайдалану құқығына конкурс өткізу ережелеріне маңызды өзгерістер енгізілді. Ендігі талаптар жерді алуға үміткерлердің инвестиция салу мүмкіндігіне, ауыл шаруашылығы техникасының болуына, білікті мамандармен қамтылуына және агроөндірісті дамыту жоспарына негізделеді. Бұл жердің «кездейсоқ» адамдардың қолына түсуін болдырмай, оны нақты жұмыс істейтін, өнім өндіретін шаруаларға беруді көздейді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (максималды) мөлшерлері бекітілді. Бұл жердің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін маңызды антимонополиялық қадам.