Енді жұмыс беруші төлейтін зейнетақы жарнасының бір бөлігі «ортақ шотқа» аударылуы мүмкін

Qaz365.kz редакциясы
shutterstock

Қазақстанда жұмыс берушілер төлейтін міндетті зейнетақы жарналарын бөлудің жаңа тәртібі талқыланып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жарнаның бір бөлігін жалпы сақтандыру шотына бағыттау ұсынылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сенатта өткен дөңгелек үстел барысында министр қазіргі уақытта жұмыс тобы қарастырып жатқан нақты тетікті ашып көрсетті. Ұсынысқа сәйкес, жұмыс беруші төлейтін 5 пайыздық жарна келесідей бөлінбек:

  • 4 пайызы қызметкердің жеке зейнетақы шотына аударылады (бұл қызметкердің өзі аударатын 10 пайыздық жарнаға қосымша болады);

  • 1 пайызы жалпы сақтандыру шотына («ортақ қазанға») жіберіледі.

Министр бұл «ортақ қазанның» не үшін қажет екенін түсіндірді.

«Бұл жинағы аз немесе қаражаты тез таусылып жатқан азаматтардың теңгерімсіздігін реттеу үшін қажет. Сол ортақ жинақ есебінен азамат өмір бойы зейнетақы төлемдерін ала алатындай мүмкіндік жасалады», — деді Асқарбек Ертаев.

Ертаев бұл тәсілдің әлі де талқылау сатысында екенін және қазірше бірыңғай ұстаным қалыптаспағанын атап өтті. Жұмыс тобы нақты ұсыныстар мен шешімдерді 1 маусымға дейін қалыптастыруы тиіс.