Салық берешегі жоқ азаматтардың шоты неге бұғатталды: МКК түсіндірді

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Қазақстанда салық берешегі жоқ азаматтардың банк шоттары қателікпен бұғатталды, деп хабарлайды Qaz365.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бұл жағдай камералдық бақылауды автоматтандырудың жаңа әдістемесін енгізу кезінде орын алған техникалық ақаудан болған.

Бұған дейін бухгалтер Рабиям Серікбаева шоттары негізсіз арестке қойылған азаматтардың көбейгеніне назар аударып, шағым түсірген болатын. Комитет өкілдері жаңа жүйенің мақсаты сыбайлас жемқорлықты жою және адам факторын азайту екенін айта келе, жекелеген хабарламалар бойынша шығыс операцияларының негізсіз тоқтатылғанын растады.

Қазіргі уақытта МКК мамандары қателікті толығымен жойып, бұрын салынған аресттерді қайтару жұмыстарын жүргізуде. Комитет өкілдері бұл жұмыстардың 10 сәуірге дейін аяқталатынын және жүйенің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, камералдық бақылау жүйесі салық төлеушілердің есептілігін қашықтан тексеру үшін қолданылады. Мемлекеттік кірістер комитеті орын алған қолайсыздықтар үшін азаматтардан ресми түрде кешірім сұрады.