«Бір жылда Ұлттық қордың ақшасын жоқ қылып жібердік»: 278 млрд доллар қайда кетті?

Qaz365.kz редакциясы

Мәжіліс депутаты Қазақстанның импортқа тәуелділігі жайлы мәселені көтерді

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстанның импортқа тәуелділігіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, нақты ақпарат арқылы мәселенің ауқымын көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Еділ Жаңбыршин шетелдік импортқа нақты 278 млрд доллар кеткенін атап өтті.

«Бес жылдың ішінде шетелдік импорттық тауарларға 278 млрд АҚШ долларын жұмсағанбыз. Ал біздің Ұлттық қорда шамамен 60 млрд доллар ғана бар. Сонда біз қордағы ақшадан төрт жарым есе көп қаражатты сыртқа жібердік», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, тек өткен жылдың өзінде импорт көлемі 65 млрд доллар болған. Бұл туралы ол: «Бір жылда Ұлттық қордың ақшасын жоқ қылып жібердік», – деп атап өтті. Сонымен қатар, республикалық бюджет көлемі шамамен 48 млрд доллар екенін де еске салды.

«Бұл жерде тек мұнай-газ емес, тау-кен өндірісі, энергетика, агробизнес, азық-түлік те бар. Бірақ сол 65 млрдтың басым бөлігі мұнай, тау-кен мен энергетика саласына тиесілі», – деді депутат.

Еске сала кетсек, бүгін Алматы қаласындағы Жетісу ауданында орналасқан «Рахат» базарының кәсіпкерлері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады. Кәсіпкерлердің айтуынша, олар бірнеше жылдан бері жер мәселесіне байланысты әкімдікпен дауласып келеді. Саудагерлер жалға алған аумақтарын ұзартуға мүмкіндік берілмей отырғанын айтып, бұл жағдайды қысым ретінде бағалайды.