Келесі аптадан бастап тергеу қайта басталатын болды
Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс қайта жаңғыртылыпты. Келесі апта тергеу қайта басталатын болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл жайында Facebook әлеуметтік желісінде Әнару Қалдыбектің адвокаты Ляззат Ахатова хабарлады.
“Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс қайта жаңғыртылыпты. Келесі апта тергеу қайта басталады деп жатыр. Бірақ алдыңғы заңсыз шығарылған қаулыны (қысқартылғаны туралы) әлі алған жоқпыз. Жарты айдан астам уақыт өтті. Бас Прокуратураға жазылған шағымның, әлеуметтік желідегі, БАҚ-ғы жариялылықтың нәтижесі шығар. Соңғы кезде әріптестерімнен, халықтан Бас Прокуратура қызметкерлерінің жақсы жұмыс істеп, көптеген қылмыс пен заңбұзушылықтарды ашуға септігін тигізіп жатқандарын естимін. Бұл да болса, көңілге жағатын, үзілген үмітті жалғайтын жағымды нәрсе ғой. Тек жаман жағын айта бермей, жақсы жағын да айтайық. Сонда да қайтадан “крышаларын”, депутат ағаларын қосып, қылмысын жабуға тағы күш сала ма деген күдік жоқ емес. Біздің елдің органдарын, заңының қалай жұмыс істейтінін білгесін, “жаман айтпай, жақсы жоқ” дегендей, ондай күдіктің болуы да заңдылық”, – деп жазды адвокат Ляззат Ахатова.
Еске сала кетейік бұған дейін Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылғаны туралы полицияның хабарлағанын жазған болатынбыз.