Мен болсын, Алмасбек болсын қылмыс жасалса жазаға тартылуы керек – Қожаназаров Садырбаев ұсталуы жайлы

Nur-Altay Umirzak

Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істегеннен кейін бір-бірімізді қолдап жүрген азаматтармыз

Сурет: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров белгілі агросарапшы Алмасбек Садырбаевтың ұсталуы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды, Qaz365.kz.

«Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істегеннен кейін бір-бірімізді қолдап жүрген азаматтармыз. Бірақ қаір болып жатқан нәрселер – парақорлық, субсидия ұрлау бойынша құзіретті органдар баға беру керек. Менде ешқандай ақпарат жоқ. Кім болса да, мен болсам да, депутат, министр, Алмасбек болса да, егер осындай қылмыстар орын алса, онда адам жазаға тартылу керек. Ал егер қылмыс болмаса, әділеттілік өз орнын табады деп ойлаймын», –  деді ол Парламентте.

Еске сала кетейік, Алматы облысында субсидия алу кезінде деректерді бұрмалау фактілерін анықтау барысында «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбаевтың аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны әшкерелені туралы хабарлаған болатынбыз.

Ол Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрған. Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жем-шөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылған. Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер берілген. Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған.

 Ал оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауына алынған.