Ақтөбе облысында 56 шетелдік жолаушысы бар автобус құтқарылды

Nur-Altay Umirzak

Оның ішінде 4 кәмелет жасқа толмаған бала болған

Сурет: Бейнеден кадр

Ақтөбе облысында полицейлер жолда қалған автобус жүргізушісі мен шетелдіктерге көмектесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Елімізде барлық өңірлерде ауа райы күрт нашарлады. Салдарынан кеше түнде Ақтөбе облысында республикалық жолдар жабылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін полиция қызметкерлері жол қозғалысын реттеп, көлік жүргізушілеріне көмектесіп жатыр.  

“7 қарашада Ырғыз ауданы Қалыбай ауылының маңындағы Самара — Шымкент тасжолында Ресейден Тәжікстанға бағыт алған Van Hool рейстік автобус жолда тұрып қалды. Салонда 56 шетелдік жолаушы, оның ішінде 4 кәмелетке толмаған бала болды”, – делінген Полиция хабарламасында.

Тәртіп сақшылары адамдарды эвакуациялап, кемпингке орналастырған. Медициналық көмекке мұқтаж адамдар болмаған.