Таразда екі әйелді өлтіріп кеткен күдікті ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Ол 28 жастағы жігіт болып шықты.

Фото: depositphotos.com

Кеше Тараздағы жалдамалы пәтерлердің бірінен зорлық белгілері бар екі әйелдің денесі табылған. Бүгін осы қандықол іске қатысы бар деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол 28 жастағы жігіт болып шықты. Күдікті 54 және 46 жастағы екі әйелді өлтірді деп ұсталды.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер бұрын сотталмаған 28 жастағы күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Сонымен қатар бұрын жеке тұлғалардың тіркеусіз тұруына жол бергені үшін жалға берілетін тұрғын үй иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Полицейлерге бұл пәтерге қатысты көршілерден ешқандай шағым түскен жоқ, - деді Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Полиция тергеу құпиясын алға тартып, басқа мәліметтерді жарияламай отыр.

Еске салайық, 7 қарашада Тараздағы көпқабатты үйлердің бірінен денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар екі әйелдің мәйіті табылған болатын. Көршілердің айтуынша, әйелдер онда бір жылдай тұрған.

Қазіргі кезде кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.