"АҚШ-тан жеткізген": "Қазпошта" сәлемдемесінен есірткі табылды

Qaz365.kz редакциясы

Сот шешім шығарды

Фото: kazpost.kz

Астананың екі тұрғыны есірткі құралдарын таратқаны үшін 8 және 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, агенттіктің елордалық департаменті АҚШ-тан есірткі және психотроптық заттарды халық тұтынатын тауарлары бар пошта сәлемдемелері түрінде аса ірі мөлшерде жеткізу фактісін әшкерелеген. 

"Қызметтік-іздестіру итін қолдана отырып, тексеру жүргізу кезінде кедендік бақылау аймағындағы уақытша сақтау қоймасында жалпы салмағы шамамен 1 кг болатын "гашиш" есірткі заты табылып, тәркіленді. 

Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізілген мониторинг нәтижелері "Қазпошта" АҚ қалалық филиалдарының бірінде сол алушылардың атына тағы бір сәлемдеменің бар екенін көрсетті. 

Сәлемдемеде жалпы салмағы 7 грамнан асатын күшті психотропты зат –тетрагидроканнабинол және оның изомерлері табылды", - делінген хабарламада. 

Айыпталушылардың бірінің пәтерін тінту кезінде есірткі құралдары, сондай-ақ орауыш материалдар мен таразы табылған.