Үлескерлер 50 млн теңгеден 80 млн теңгеге дейін ақшасын салған
Астанада MM Group тұрғын үй компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәлі өткізген баспасөз мәслихатының соңы айғай-шуға ұласты. Журналистерге таратқан аңдатпада Сүйіншіәлі көпті толғандырған мәселе қозғалатынын, Перизат Қайрат жайлы айтатынын хабарлаған еді. Баспасөз жиынына Астанадағы Nura Elite таунхаусына қомақты қаражат салған үлескерлері де келіп, екі жыл бойы үйлеріне қол жеткізе алмай жүргендерін мәлімдеді. Олар компания басшысының өтірік уәдесінен шаршағанын айтып, үйлерін бітіріп беруді талап етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Болады» деп ештеңе жасап жатқан жоқ
Баспасөз жиыны кезінде Мөлдір Сүйіншәлі үлескерлер алдында ақталумен болды. Ол кезінде өзінің ММ Group компаниясы арқылы азаматтардан ақша жинап алған. Алайда уәде еткен үйлерін уақытында бере алмаған.
«2021 жылы ММ Group компаниясынан коттедж үйге 52 млн қаржы салғанмын. 2022 жылы берілу керек болатын. Ал қазір 2025 жылға кетті. Әлі жоқ. Канализация жоқ, коттедж ішіндегі жол жоқ. Аулалар абаттандырылмаған, инженерлік желілер толық жүргізілмеген. «Болады, болады» дейді, бірақ ештеңе жасап жатқан жоқ. Тұру мүмкін емес. Менен де көп ақша салған, 100 млнға жуық салғандар бар. Бәріміз үйімізге кіре алмай отырмыз. Енді пәтер жалдап жүрміз», - дейді салымшы зейнеткер Нарзангүл Алдыбергенова.
Басқа да салымшылар оған үн қосты. Компания басшысының әр сөзін тыңдаған сайын залдан оған қарсы үн шықты.
«Мен зейнеткермін. Үйімді сатып жібердім. Сіздерден үміттендім. Сізді ол жағдай ойландырмай ма? Әкімдік бізге кедергі келтірді дейді. Ол біздің мәселе ме?» - деді тағы бір азамат.
Мөлдір Сүйіншәлі техникалық шарттар бойынша екі жыл бойы әкімдікпен мәселесі болғанын мәлімдеді. Сөзінше, компания салымшылармен келісімшартты бұзып, ақшасын қайтаруға дайын. Құрылыс тоқтап тұрғанын Мөлдір Сүйіншәлі растады.
Салымшылар адвокат жалдаған
Адвокат Жангелді Бектеміров осы жаздың соңында Nura Elite коттедждер қалашығындағы таунхастардың 30-ға тарта салымшысы өзіне жүгінгенін мәлімдеді. Айтуынша, коттедж қалашығы 2022 жылы, ал таунхаустар 2023 жылы толық берілуі керек еді. Алайда күні бүгінге дейін жұмыстар толық аяқталмаған. Коттедж қалашығында коттедждердің өзі салынып бітпеген. Көгалдандыру, желілері түк салынбаған. Тиісінше, азаматтар ол жақта тұра алмайды. Ол адамдар соңғы ақшасын әкеліп, тұрып жатқан үйлерін сатып, осы үйлерге салған.
Осыған байланысты үлескерлер жиылып, құқық қорғау органдарына жүгінген. Олар өз кезегінде «алаяқтық» (ҚР ҚК 190-бабы) бабы бойынша іс қозғаған. Себебі әр салымшы 50 млн теңгеден 80 млн теңгеге дейін ақшасын салып, уәде еткен үйлерін ала алмай отыр.
«Салымшылар қазір күрделі жағдайда. Құрылыс тоқтап тұр. Апта сайын барамыз. Құрылысшылар коттедж қалашығы жағында көрінбейді. Құрылыс материалдары да. Жол да, коммуникация да жоқтың қасы. Адамдар бүгін де келіп, компания басшыларына сұрақ қойды. Бірақ жауап ала алмады. Салымшылардың сабыры әбден таусылды», - дейді адвокат.
Салымшылар азаматтық сотқа да арыз түсірген. Сонымен қатар, компания салымшылардан жерді сатып әпереміз деп те 5-6 млн теңгеден ақша жинаған. Алайда ол жердің жалға алынғаны да белгілі болған. Салымшылар осылай екі күйіп отыр. Жеке сот орындаушысы Мөлдір Сүйіншәлінің бұғатталған шотында ақша жоқтығын айтқан.