Астанада қаржы пирамидасы басшысы сотталды

Qaz365.kz редакциясы

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Фото: ашық дереккөзден

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында S-Group қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сотта анықталғандай, ер адам 2020 жылдан 2022 жылға дейін Instagram және TikTok әлеуметтік желілері арқылы S-Group қаржылық пирамидасының қызметін белсенді түрде жарнамалап, ол арқылы презентациялар, Zoom конференцияларын өткізіп, қазақстандықтарды аталған қаржы пирамидасының салымшысы болуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тартқан. Осыдан кейін сотталушы оларды кеңсесіне шақырып, ешқандай да күш жұмсамай-ақ жоғары пайдамен қайтарымын уәде етіп, оларды тіркеген және олардан қолма-қол ақша алған. 2020 жылдан 2022 жылға дейін тартылған қаражаттың жалпы көлемі 83,1 млн теңгеге жеткен. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғағымен, үгіт-насихат жұмыстарының бейнежазбаларымен, қаражаттың түсуі бойынша кіріс ордерлерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сотталушы өзінің іс-әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығын алға тартып, тағылған айыпты мойындамады. Ал жәбірленушілер қатаң жазалауды және азаматтық талап қоюларды қанағаттандыруды сұрады.

«Сот үкімімен М. ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2)-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған азаматтардың қаражаты мен инвестициясын тартуға байланысты коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, 52,6 млн теңге азаматтық талап қою қанағаттандырылды. Қалған жәбірленушілер татуласуға байланысты талап қоюдан бас тартты.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.