Атырауда екі адамнан сібір жарасы анықталды

Nur-Altay Umirzak

Анықталған жердегі қызметкерлердің барлығы 14 күн медициналық бақылауға алынған

Сурет: gov.kz

Сібір жарасы ауруының анықталуына байланысты Атырау облысына ірі қара мал әкелуді бақылау үшін полиция және ветеринарлық бақылау бекеттері орнатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz. Бұл туралы облыстық Санитариялық-эпидемилогиялық бақылау департаменті хабарлады.

Мал сататын базарда өлген сиырдан сібір жарасы анықталғаннан кейін 20 қарашада әкімдік «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пункті аумағында карантин енгізді. Қазір базар аумағында дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Карантиндік шаралар қабылданғаннан кейін «Асыл агро» мал базарында алдымен қасапшыдан, ізін ала малшы болып жұмыс жасаған тағы бір адамнан сібір жарасы анықталған..

Науқастар қазір ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты.

«Науқастар өз бетімен дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Қолдарында жаралар бар екені анықталды. Қазір аурудың терілік түрін жұқтырған екі науқас та ауруханада стационарлық ем алуда» дейді облыстық Санитариялық-эпидемилогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратова.

Базарда жұмыс жасаған қызметкерлердің барлығы 14 күн медициналық бақылауға алынған.

Қазіргі таңда Атырауда ветеринариялық құжаттарсыз малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынған.