Оқиға қалалық орталық мешіт маңында болған
Желіде бір топ мұсылманның жолдың қақ ортасында намаз оқып жатқаны түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кадрлардан бірнеше ер адамның соңында көліктер сигнал беріп, жедел жәрдем көлігі өте алмай тұрғанын байқауға болады.
Полиция оқиғаның бір күн бұрын қаланың Медеу ауданында болғанын хабарлады.
“Алматы полициясы қалалық орталық мешіт маңындағы жағдайға байланысты тексеру жүргізіп жатыр. Тиісті шаралар қабылданатын болады. Жол қауіпсіздігін үйлестіру үшін полиция қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ер адамдарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Кез келген себеппен жолды жабу жол қозғалысы ережелерін бұзу болып табылады және ҚР ӘҚбК-нің 614-бабының талаптарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық және құқықтық түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Мұндай деректерге жол берілмейді, олар тоқтатылады”, – делінген Алматы ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, Алматы қалалық полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидатын еске түсіріп, азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын мүлтіксіз сақтауға шақырады.