«Шерзаттың жанына жерлеуді сұраған» - полиция Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Мессенджерде жіберген жазбасы анықталды

Qaz365.kz

Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев туысқандарымен қоштасып, хабарлама жазғаны белгілі болды. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Бағдат Әшімов мәлімдеді.

«Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны бойынша, келесіні хабарлаймыз:
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұм ағымдағы жылдың 4 қазанында қайғылы қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды. Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады», - деді Алматы қаласындағы полиция департаменті бастығының орынбасары.

Оның айтуынша, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Құрметті азаматтар, тек ресми дереккөздерге сенуіңізді сұраймыз және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз!» - деді ол өз мәлімдемесінде.