Әкімшілік іс кеше түнде Еңбекшіқазақ аудандық сотында қаралды
Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды. Сот Нұрымовтың бір қарындасына да дәл осындай жаза тағайындаған. Әкімшілік іс кеше түнде Еңбекшіқазақ аудандық сотында қаралды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әкімшілік соттар шешімін Нұрымовтар отбасының адвокаттары Instagram-дағы justice_for_sherzat парақшасында жариялады. Мәліметтерге қарағанда, сот тағы бірнеше адамға әкімшілік жаза тағайындаған.
Атап айтқанда, Нұрымовтың қарындасы Бақыт Реимова "митингіге үндегені үшін" 15 тәулікке қамалған. Бұған қоса, сот оны Қазақстаннан депортациялау жөнінде шешім шығарған. Бақыт Қазақстан азаматы емес. Сонымен бірге Нұрымовтың тағы бір қарындасы Салтанат Нұрымоваға "бұзақылық" үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Адвокаттардың жазуынша, Нұрымовтың күйеу баласы Айғазының ісі таңертең қаралады, себебі түнде әкімшілік істі қарайтын судья табылмаған.
Нұрымовтар отбасының бірнеше мүшесіне әкімшілік жаза тағайындалғанын Алматы облысы соттары сәрсенбі күні таңертең растады.
"Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін азамат Қ. Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды", - делінген сот хабарламасында.
Нұрымовтар отбасының адвокаттары бұл істер бойынша сәрсенбі таңертең апелляциялық шағым түсіруді көздеп отыр.