Баланың жанынан киім салынған сөмке мен ЖСН нөмірі жазылған жазба табылған
Рудныйдағы автобус аялдамасынан төрт жасар бала табылды, деп хабарлайды Qaz365.kz. Бұл туралы Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Баланы өтіп бара жатқан адамдар тауып алып, полицияға қоңырау шалған.
“Баланың жанынан киім салынған сөмке мен ЖСН нөмірі жазылған жазба табылды. Алдын-ала деректер бойынша баланың анасы Астанаға кетіп бара жатып ұлын құрбысына қалдырып кеткен. Ол дүкенге шыққан кезінде одан айырылып қалған болуы мүмкін", – деп түсіндірді Облыстық полиция департаменті.
Полиция баланың анасын тапты. Ол кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін тәрбиелеу, қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылады. Қазір бала қауіпсіз жерде, оның өмірі мен денсаулығына зиян келмеген.