Шерзаттың әкесінің соты: апелляция шешімі шықты

Qaz365.kz редакциясы

Апелляциялық сот шешім шығарды

Фото: ашық дереккөзден

13 желтоқсанда Қаржаубай Нұрымовқа шыққан сот шешімі бойынша апелляциялық отырыс болып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматы облысының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы қаулыны өзгеріссіз қалдырды. Яғни, Қаржаубай адвокаттарының шағымын қанағаттандырмады. Бұл Қаржаубай Нұрымов қамауда 15 күн өткізетінін білдіреді. Қаржаубайдың адвокаттары ер адамның отбасылық жағдайларға байланысты қатты эмоционалды толқуды бастан өткергенін ескеруді сұраған. Алайда сот шешімі өзгеріссіз қалды.

Бұған дейін адвокат Асқар Қаймақов полиция Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық кодекстің 202-бабы (“бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша қылмыстық іс қозғағанын айтқан.

Еске салайық, осыған дейін марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай інісі Нұрқанаттың мәйіті табылған орынды көрсетіп видео жариялағанын жазған болатынбыз.

Бірақ туған-туыстары оның өз-өзіне қол салғанына сенбейді. Бүгін марқұмды жер қойнына тапсырғаннан кейін ағасы Қаржаубай Нұрымов оның өлім себебін ашық тергеуді талап етіп, наразылық білдірген. Оны полиция ұстап әкетті. Сот Қаржаубай Нұрымовты "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамаған.