Қаржаубайдың қарындасына қысым жасап, «өкінем» деген сөзін алып алған – адвокаты

Nur-Altay Umirzak

Бақыт Реимованы сот 15 тәулікке қамаған кезде біршама жайттарды ескермеген дейді ол

Сурет: коллаж/Qaz365.kz

Адвокат Мейірман Шекеев Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Бақыт Реимованы сот 15 тәулікке қамаған кезде біршама жайттарды ескермегенін мәлім етті.

Бұл туралы ол Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, полиция тарапынан хаттама толтырылған кезде Бақыт Реимованың кінәлі екені еш құжатпен ешқандай дәлелденбеген. Мысалы, Бақыт 2024 жылы 10 желтоқсан сағат 16.00 шамасында Азат ауылының Қонаев көшесі бойында Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі заңында белгіленген тәртіпті бұза отырып, жиналыс, митинг, демонстрацияларға шерулерге, пикеттерге немесе жария іс-шараларға қатысқан деп көрсетілген. 

«Алайда бізде Жоғарғы соттың нормативті қаулысы бар. Ол бойынша аталған жиналыс, пикет, демонтрация болсын, оның тиісті анықтамасы бар. Яғни, пикет, демонстрация, митинг болу үшін алдын-ала ұйымдастырушысы болады. Белгілі бір уақытты белгілейді. Сөйтіп, халықты сол жерге шақырады. Алайда Реимова ол жерге ешкімді шақырмаған. Халық онда жаназаға жиналған. Ол тікелей митингке қатыспаған. Егер митинг деп санайтын болса, жергілікті атқарушы органның өкілі болып жатқан жиынға барып, «бұл заңсыз жиын немесе митинг, тарамасаңыздар, әкімшілік хаттама толтырылады» деп ескерту жасауы керек. Ондай ескертулер болмаған. Оның заңсыз екенін ешкім де білмеген. Бұлар ойдан құрастыра салған. Бұл әкімшілік кодекстің 488-бабының 8-бөлігіне сәйкес, жауапкершілік бар. Ол бапта бірінші жергілікті орган өкілі келіп, ескерту жасайды. Егер сол кезде бағынбағаннан кейін ғана туындайды. Ал ол бойынша ешқандай құжат түрінде прокурор немесе жергілікті атқарушы органның өкілі келіп, ескерту жасамаған. Сондықтан, бұл баппен жауапкершілікке тарту заңсыз. Бірақ қаулыда «ескерткен, соған қарамастан жалғастыра берген» дейді. Бірақ құжат жүзінде ештеңе көрсете алмаған», –  дейді ол.

Адвокаты әкімшілік кодекстің 10-бабына сәйкес, кінәсіздік презумпциясы барын еске салды. Яғни, жауапқа тартылып жатқаны адам өзін кінәсіз екенін дәлелдемеуі керек. Оны жауапқа тартып жатқан орган кінәлі екенін дәлелдеуі керек. 

«Бақытқа қысым жасап, «иә, өкінем» деген сөзін мойындатып алған, жауапқа тарта салған. Бұл - бірінші заңсыздығы. Екінші заңсыздығы – сот шешім шығарып жатқан кезде ол бап бойынша үш балама бар. Бір қызығын қарасаңыз, орысшасында «предупреждение либо штраф в размере 30 МРП либо административный арест до 15 суток я администравтивным выдворением» деп тұр. Тура осының қазақшасын заңнан оқитын болсақ, басқа мағына береді. Қазақшасында «Қазақстан Республикасының шегінен шығара отырып, ескертуге және 30 АЕК дейін айыппұл салуға немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу жазасына әкеледі» деп көрсетілген. Екеуі де екі түрлі. Қазақшасында барлық жағдайда ол «Қазақстан шегінен шығарылады» деп тұр. Ал орысшасында бірінші ескерту алады, екіншісінде айыппұл салынады, үшіншісінде қатаң санкция – 15 тәулікке қамай отырып, Қазақстан шегінен шығарып жіберу дейді. Бұл жерде тілдің бары, заңның қисықтығы. Сот бұл жерде ештеңені ескермей, қатаң жазаны қолданып жіберген. Ал бізде әкімшілік кодекстің 41-бабында сот бірінші кезде жеңіл жазаны қолдану керек», –  дейді ол.

Адвокат ең сорақысы, сот мұның кәмелет жасына толмаған баласы бар екенін ескермегенін айтты. Яғни, Қазақстан шегінен шығарып жіберетін кезде бала далада қалады. Ол - Қазақстанда туған бала. 

«Бізде халықаралық шарттар бар. Қазақстан 1994 жылы БҰҰ бала құқығы деген конвенцияны ратификациялаған. Яғни, сол конвенцияның қатысушысы. Бала мен ананы ажыратуға болмайды. Баланың мүддесін қорғау мақсатында ғана ажырата алады. Басқа кезде ажырата алмайды.  Тағы бір өрескел негіз ол – этникалық қазақ. Яғни, қазақтың басқа барар жері жоқ. Ол - азаматтығы жоқ тұлға. Ешбір мемлекеттің азаматы емес. Оны Қазақстаннан шығарып жіберу үшін басқа елдің азаматы болуы керек. Ал олай болмаған жағдайда мұны қабылдайтын мемлекеттің кейсі де керек. Осы мән-жайлардың бәрін сот назарға алмаған. Апелляцияға шағым білдіріп жатырмыз», –  дейді Мейірман Шекеев.