Семейде шырша құруға апарған мұғалім биіктен құлады. Министр пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Министр оның отбасына шынайы қолдау білдіре отырып тезірек сауығуын тіледі.

primeminister.kz

Бүгін Семейдегі орталық алаңда шырша құруға барған мұғалім биіктен құлап, ауруханаға түскен. Алдын-ала мәлімет бойынша ол жансақтау бөлімінде жатыр. Осыған қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министр оқиға жайлы пост жазды. Оның сөзінше, Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі.

Педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін. Мемлекет басшысы педагогтердің қоғамдағы рөліне ерекше мән беріп, олардың құқықтарының «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында қатаң сақталуын әрдайым назарда ұстап келеді. Осы орайда білім басқармалары мен бөлім басшыларына заң талаптарын қатаң орындауға ерекше назар аударуды ескертемін, - деді ол.

Мұғалімнің есімі Қуат Айтқалиев. Министр оның отбасына шынайы қолдау білдіре отырып тезірек сауығуын тіледі. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр деді ол. Бұл жағдайды Бейсембаев ерекше бақылауға алған.