Ақтауда ұшақ апатынан тірі қалған әйелдің кім екені белгілі болды

Qaz365.kz редакциясы

Тергеу органдары екі пациенттің жеке басын анықтау бойынша жұмыс жүргізді

Фото: Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы

Ақтауда құлаған ұшақ апатынан аман қалғандардың бірінің кім екені анықталды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше,  ауруханаға жеткізілген әйелдердің арасында біреуі Әзербайжан азаматы болып шыққан.

«Тергеу органдары екі пациенттің жеке басын анықтау бойынша жұмыс жүргізді. Олардың бірі Әзербайжан азаматы екені анықталды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ санитарлық авиация желісі бойынша Астана қаласынан ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының және жетекші республикалық орталықтардың жоғары білікті мамандары келді.

Олардан бөлек Әзербайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен ТЖМ арнайы кеңесі, санавиация бригадасы жұмыс істеп жатыр.

Барлық зардап шеккен науқастарға тексеру жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ зардап шеккендермен және олардың туыстарымен психологтар тобы жұмыс істеп жатыр.

​Бүгін, 26 желтоқсанда таңертең Ақтау уақытымен сағат 08:30-да Ресей Федерациясының ТЖМ орталық аппаратының санитарлық авиация бортында Ресей Федерациясының азаматтары эвакуацияланды.

 ​Қазір ауруханада 20 науқас бақылауда. Оның 6-ы реанимацияда: 5-і МОБ ЦОР-да және 1-і Маңғыстау облыстық балалап ауруханасының реанимациясы бөлімінде. МОБ ЦОР-дан 2 пациент травматология бөлімшесіне ауыстырылған.

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.