«Өзгеше сәлемдеме»: Түркістан облысында есірткіні шәйнектің ішіне салып беріп жіберген

Qaz365.kz редакциясы

Қылмыстық іс қозғалды

Фото: polisia.kz

Түркістан облысы Полиция департаменті қылмысты ашуға септігін тигізген қоңырау туралы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Polisia.kz мәліметінше, биыл қаңтарда «102» арнасына такси жүргізушісінен қоңырау түсіп, ол полицияға күдікті зат туралы хабарлаған.

Шымкент қаласында белгісіз ер адам оған сәлемдеме беріп, оны Түркістанда бір қыздың күтіп алатынын айтқан. Жүргізуші басқа жолаушыларды түсіріп жатқанда сәлемдемені жерге құлатып алған. Ондағы электр шәйнегінен синтетикалық есірткі салынған екі орам анықталған. Ер адам дереу полицияға хабарласып, мән-жайды түсіндірген.

“Жедел шаралар қабылданып, нәтижесінде сәлемдемені күткен жас қыз ұсталды. Тергеу барысында ол есірткіні жеке қолдануға алғанын мойындады. Қызға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен жауапқа тартылды”, - делінген хабарламада.

Түркістан облысы Полиция департаментінің «102» арнасына жыл басынан бері 65 441 хабарлама келіп түскен.