Өз досы 4 рет пышақ сұққан: 20 жастағы алматылық әлем чемпионының қазасы туралы тың мәлімет айтылды

Nur-Altay Umirzak

Әлидің туыстары тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр

Сурет: fight.ru

Алматыда кісі қолынан қаза тапқан ең жас әлем чемпионы Әли Серікті жақын досы пышақтап кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Марқұм жігіттің анасы Әлидің досын «үйден дәм татып жүрген, аралас-құралас адам еді» дейді.

«Жүрек тұсына және мойына 4 рет пышақ сұғып алған. Ана баланың екі қолында 2 пышақ болған ғой. Екеуі бір мектепте, бірі сыныпта оқыған. Ораза кезінде үйге келіп, ауыз ашып, көмектесіп жүретін бала болатын. Әлимен бірге қар күреп жүретін», –  дейді қайғадан қан жұтқан ана.

Әли Серік небәрі 17 жасында муай-тайдан әлем чемпионы атанған, бірқатар халықаралық жарыста топ жарған. Оның бапкері Рамис Ғабитов Әлидің арманын бөлісті.

«Әли ең жас әлем чемпионы еді. Біз одан үлкен үміт күттік. Ол ылғи да өзінен кейінгі жастарға үлгі болды. Келер жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтуі керек еді. Әли сол доданы жеңіп, Азия чемпионатында бас сынамақ болған. Кәсіпқой спортқа түбегейлі кетемін деген мақсаты бар еді», –  дейді ол өкінішпен.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынған. Әлидің туыстары тергеудің әділ жүріп, қылмысқа барған адамның қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.