Әуе апаты салдарынан 38 адам қаза тапты
Көлік министрлігі өкілдері Azerbaijan Airlines компаниясының ұшағында оттегі баллонының жарылуы туралы мәлімдемеге түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақпаратқа сәйкес, AZAL әуе кемесінде оттегі баллонының жарылуы туралы ақпарат Ростов ұшу жетекшісінен 10.53-те келді.
"Ростов ұшу жетекшісінен сағат 10:53-те түскен хабарламаға сәйкес, Ақтау мұнарасының ұшу жетекшісіне жолаушылар кабинасында оттегі баллоны жарылғаны және жолаушылардың есінен танып жатқаны туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ қону сәтіне жедел жәрдем дайындау сұралды. Осы ақпарат негізінде барлық төтенше қызметтер шұғыл түрде хабардар етіліп, дайындыққа келтірілді. Оқиғалардың хронологиясы Ростов ұшу жетекшісінің хабарламаларына сүйене отырып, брифинг барысында жарияланды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Оның ішінде 42 Әзербайжан, 15 Ресей, 6 Қазақстан және 3 Қырғызстан азаматы болған. Әуе апаты салдарынан 38 адам қаза тапты.