Бұрын пара үшін сотталған шенеунік Хоккей федерациясын басқаруға кірісті

Qaz365.kz редакциясы

Ол бұрын сотты болған

Фото: primeminister.kz

Бұрын сыбайлас жемқорлық үшін сотталған Сәкен Мұсайбеков Қазақстан хоккей федерациясының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

57 жастағы шенеунік бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігінің (қазіргі Спорт және туризм министрлігі) вице-министрі қызметін атқарған. Ол 2021 жылы Астана әуежайында Дубайға ұшқалы тұрған жерінен ұсталған еді. Тексеру барысында әйелдерге арналған Hermes сөмкесі мен 5 мың доллар тәркіленді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Мұсайбеков 15 мың доллар көлемінде букмекерлік қызмет саласында «қамқорлық көрсету» үшін пара алғанын мәлімдеді. Алайда бұл істі кейін «Пара алу» бабы бойынша емес, «Алаяқтық» бабына ауыстырды, себебі оның ұсынылған «қамқорлығы» құзыретіне кірмейтін болып шықты.

Сот Мұсайбековті кінәлі деп танып, 62 миллион теңге айыппұл төлеуге үкім шығарды. Бірақ оған берілген мемлекеттік наградалар мен мүліктер, соның ішінде Mercedes-Benz S-class көлігі өзінде қалды. Тек ұсталған кезде табылған ақшасы мен Hermes сөмкесі тәркіленіп, аксессуар кейін аукционда 4,5 миллион теңгеге сатылды.

Енді Мұсайбеков қоғамда дау туғызған оқиғаларға қарамастан, спорт саласындағы жоғары лауазымға қайта оралған.