«Бір шенеуніктің сөзіне бола мені қамады»: ұшақ апатын әуеден түсірген блогер

Qaz365.kz редакциясы

Оның фотосуреттері бүкіл әлемге тарап кеткен

Фото: Азамат Сәрсенбаев

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы құлап, 38 адам қаза тапқаны белгілі. Сол апат болған орынды ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев биіктен түсіріп алып, оның фотосуреттері бүкіл әлемге тарап кеткен. Көп өтпей блогердің өзін тәртіп сақшылары әкімшілік қамауға алып, Сәрсенбаев жақында ғана бостандыққа шықты. Qaz365.kz тілшісі босап шыққан блогермен әңгімелесіп көрді. Жалпы қамалғаны жайлы не ойлайтынын сұрап білді.

– Азамат, сіз қамалар алдында әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдары үшін сол суреттерді түсіргеніңіз туралы ақпарат тарады. Сізден сонда қай басылымдар видеолар мен фотолар сұрады?

– Reuters, BBC,  Russian today болды. Кезінде олар менен фланмингоның суреттерін сатып алатын. Мен олармен жұмыс істеймін. Көп журналиспен бірге істеймін. 2022 жылы Маңғыстауда құрғақшылық болды. Сол кезде Азаттық, Tengrinews-пен және басқа да журналистермен тығыз байланыста жұмыс істедім. Маңғыстауда үлкен тақырыпты қозғадым.

– Олар сізбен қалай жұмыс істейді? Келісімшартпен бе?

– Міндетті түрде келісімшартпен жұмыс істейміз. Өздерінің ставкасы бар. Сондайлық үлкен сома емес. Мәселен, фото 10-15 мың болады. Мен жеке кәсіпкер болғандықтан, ақшаға мұқтаж емеспін. Өзімнің жеке қызығушылығым бойынша сондай агенттіктермен серіктесе жұмыс істеймін. Бір жағынан портфолио, өзім үшін тәжірибе болады. Көпшілік блогерлер ішкен-жегенін салып, түсініксіз дүниелерді айту керек деп ойлайды. Ал мен әртүрлі тақырыптарды, мәселерді қозғап, қоғамдық қызмет ретінде қараймын.

– Көптеген БАҚ өкілдері сіздің фото-видеоларыңызды қолданды. BBC, CNN. Алпауыт медиа өкілдері желіде сізді іздеп, байланысқа шыққысы келгенін көрдік…

– Көрдім. Google-ға Азамат Сәрсенбаев деп енгізсеңіз, бәрі шығып тұрады. Жан-жақтан Еуропадан, Америкадан хабарласып жатыр. Мысалы, Америкадан әзербайжандық журналист, кеше Вадим Борейко хабарласты. Өз-өзіме, қалпыма келіп алайын, содан көрерміз дедім.

– Олар сонда не деп хабарласып жатыр? Неге назар аударып отыр?

– Мені 10 күнге қамауға алғанға байланысты сұрап жатыр.

– Ал отандық БАҚ өкілдері сізбен байланысқа шықты ма? Қал-жағдайыңызды білді ме?

– Мен қамауда отырғанымда байланыс жоқ болып қалды ғой. Ол жағын білмеймін. Мені ешкіммен сөйлестірмеді. Интернет болмады. Бір сөзбен толықтай оқшаулау болды ғой. Кім не беріп, кім не деп жатқанынан бейхабар болдым.

– Сізді әлеуметтік желіде «этика бұзды, тергеуге кедергі келтірді» деп айыптады. Осыған қатысты көзқарасыңыз қандай?

– Ал этиканы қалай бұзған екенмін? Біріншіден, соны білгім келеді. Мысалы, мен шашылып жатқан денелерді түсірсем, онда орынды әңгіме болар еді.  Тіпті, инстаграм, фейсбуктың өзі этика бұзған жағдайда бірден шығарады. Оны жақсы білеміз ғой. Мен өзім журналистің жұмысынан хабардармын. Бір кісідей білем деп ойлаймын. Адамдардың бетін түсіріп көрсететін ақымақ емеспін ғой... Жабылып тұрған мәйіттерді дронмен түсірдім. Жарайды олардікі дұрыс болсын. Мен этиканы бұзған болайын. Онда мен қандай заңды бұздым? Моральдық-этикалық норманы бұзды деген сондай заң бар ма екен? 10 күнге адамды жабатындай не болды? Соны білгім келеді. Ондай болатын болса, сол бапты қолданып, санкция неге қабылдамады? Кез келген журналист жол апатын түсірсе, интернетке салса, не болады? Адам өлтіретін қылмыстар болады. Өртеніп кеткен адамдарды түсіріп жатады, онда әскери журналистерді де соттау керек қой. Кез келген тілшіге, блогерге менің қамалуым өте қауіпті жағдай болып отыр. Қазір үндемей қалатын болса, кейін біртіндеп кез келгенін он күнге соттай беретін болады. Анық-қанығына бармай, соттап жібереді.

– Тергеуге тікұшақ ұшып келіп жатты. ТЖМ жұмысына кедергі келтірді деп жатыр ғой. Сол туралы не дейсіз?

– Мен дронмен қандай кедергі келтірем? Менің дроным 100 метрден түсіре алады. Тікұшақ қайда, дрон қайда? Оның бәрі сылтау ғой. Ондай болса, кез келген журналисті соттау керек қой соның басы-қасында жүрген.

– Сіздің қамалып кетуіңіздің саяси астары бар деп ойламайсыз ба?

– Ол жағын білмеймін. Менің айтарым, бәрін бассыздықпен жасады ғой. Ешқандай дәлел де жоқ. Жай ғана екі полицияның рапортына сүйеніп, «сенің кінәң дәлелденді» деді. Дәлелдер, видеолар, тіпті куәгерлері де жоқ қой.

– Сіздің фото-видеоңыз дәлел болды деп ойламайсыз ба?

– Менің жаныма келіп, «түсіруге болмайды» деп ешкім ескерту берген жоқ. Бір жағынан түсіруге болмайтындай тыйым салатын қандай норма бар?.. Айтарым сол. Мен басымнан өткен бұл өте қауіпті жағдай. Мұндайды Қазақстанда бірінші рет көруім. Мұндай бассыздықтан ешкім сақтандырылмаған. Әртүрлі ақпарат оқимыз ғой. Ананы ұстады, мынаны ұстады деген. Олардың тым болмаса халыққа көрсететін фактілері болады ғой. Менің жағдайымда ондай заңға қайшы әрекеттер болған жоқ. Бұл мұндай бассыздықтан, әй-шайға қарамай бас салып қамап тастаудан ешкім сақтандырылмағанын көрсетеді.

...Менің ойымша, басылымдарға мен түсірген фото-видеолар шығып, жұрт сан-саққа жүгіртіп талқылаған. Самолеттің ішінен түсірген бір суретім бар, әсіресе, соны таратты. Содан ол бір шенеунікке ұнамай қалған соң ол «жазалаңдар» деген ғой. Ал бұлар шоқпарларын алып, бас салған. Шартты түрде біреудің сөзімен менің құқығымды таптады.

Мен де кәсіпкермін ғой. Алты айда 1 млн-дай салық төлеп тұрамын. Қарамағымда алты адам жұмыс істейді, соларға айлық төлеймін. Мен 10 күн қамалып жатқан кезде қатты уайымдадым. Алда Жаңа жыл келе жатқан кезде қызметкерлерге еңбекақысын бере алмадым-ау деп уайымдадым. Тым болмаса, қолымда ұялы телефоным да жоқ. Айлық төлеу үшін сұрап едім бермеді. Шүкір, достарым қызметкерлерге жалақысын беріп көмектесті. Мен өз мемлекетімде туып-өскен патриотпын. Осы жағдайдан кейін көңілім қатты қалды.

– Сұхбатыңызға рақмет!