Оның үстінен полиция қызметкерлеріне күш қолдану қаупі бойынша қылмыстық іс қозғалған
Талғарда кісі қолынан қайтыс болған Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ақпаратты бүгін Informburo.kz жариялаған болатын.
«Азамат қоғамдық орында заңға қайшы әрекет жасағандықтан, оны ұстау туралы шешім қабылданды. Полиция қызметкерлеріне күш қолдану қаупі бойынша қылмыстық іс қозғалып, одан әрі тергеу үшін іс Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментіне жіберілді», – деп мәлімдеген министрлік өкілдері.
Қаржаубай Нұрымовқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді неліктен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті жүргізіп жатқаны нақты көрсетілмеген.
Еске сала кетейік, Қаржаубай Нұрымовтың інісі Нұрқанат Ғайыпбаев полицияның алдын ала мәліметі бойынша “өз-өзіне қол жұмсап” қаза болған болатын. Марқұмның жаназасынан соң Азат ауылында журналистермен кездесу кезінде болған жанжал үшін Нұрымов 15 тәулікке қамауға алынып, жазасын өтеп шыққан.