АҚШ-та 201 жолаушысы бар ұшақтың қозғалтқышы өртенді

Qaz365.kz редакциясы

Бұдан бөлек, 2 ұшқыш және 5 стюардесса болған

Фото: Antony Ochieng,KE / X, Aviation Safety Network (ASN) / X

Атланта әуежайындағы Delta Air Lines ұшағынан 200-ден астам адамды апаттық трап арқылы эвакуациялауға тура келді. Оған ұшу кезінде қозғалтқыштың өртенуі себеп болды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.

Атлантадан Миннеаполиске (Миннесота штаты) бағыт алған Delta 2668 рейсі шұғыл тоқтатылып, борттағылардың барлығы сыртқа шығарылды.

CNN-нің хабарлауынша, бортта 201 жолаушы, 2 ұшқыш және 5 стюардесса болған. Экипаж ұшуды жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9:10-да тоқтатқан. Әуе компаниясы экипаж мүшелерінің эвакуация кезінде қуіпсіздік ережелерін қатаң сақтағанын айтты. Жолаушылар апаттық сырғымалар арқылы сыртқа шығарылды.

«Ұшу кезінде бірнәрсенің дұрыс еместігі сезілді. Артынша қозғалтқыш өртенді. Шұғыл эвакуациялауға тура келді», – деді ұшақ жолаушысы Кертис Джеймс CNN-ге.

Десе де, төрт жолаушы жеңіл жарақат алған. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылса, қалғандарына сол жерде көмек көрсетілді.

Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) оқиға бойынша тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.