Оған 6 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған
Астанада кәмелетке толмаған баланың кеудесіне үш рет пышақ сұққан бұзақыға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Астана қалалық соты мәлімдеді.
“Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы лайықталған затты пайдалана отырып күш қолдану арқылы бұзақылық жасағаны үшін (ҚК 293-бабының 3-бөлігі) С.-ға қатысты істі қарады. Сотталушы С., өз үйінің ауласында, алкогольдік масаң күйінде анасынан ақша сұраған, анасы өз кезегінде ақша жоқ деп бас тартқан. С., қоғамдық тәртіпті бұзып, бұзақылық ниетпен былапыт сөйлеп, жақын жерде тұрған орындықты подъезге қарай лақтырып жіберген. Осы кезде кәмелетке толмаған жәбірленуші Ә. подъезден шығып, ескерту жасаған. С., жауап ретінде шалбарының қалтасынан пышағын суырып алып, жәбірленушінің дене аймағынан үш рет ұрып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Сотталушының кінәсі өзінің, жәбірленушінің, жәбірленушінің заңды өкілінің, куәлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, сондай-ақ бейнебақылау камерасының жазбаларымен дәлелденген”, – делінген полиция түсініктемесінде.
Прокурор бұрынғы соттылығын ескере отырып, ҚК 60-бабының негізінде 6 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал жәбірленушінің заңды өкілі бас бостандығынан айырудың ең жоғары жазасын тағайындауды сұраған.
“ҚК 293-бабы 3-бөлігінің санкциясы 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Жаза тағайындау барысында сот жеңілдететін мән-жай деп – кінәні ішінара мойындауын ескерді. Сотталушының алкогольдік масаң күйде болғаны және өтелмеген соттылығы бар болғандықтан қылмыстың қауіпті қайталануы ауырлататын мән-жайлар ретінде қаралды. Сотталушының өтелмеген соттылығын ескере отырып, ҚК 60-бабының негізінде түпкілікті 6 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қылмыстың қауіпті қайталануы бар деп танылды”, – делінген сот үкімінде.
Моральдық зиянның орнын толтыру ретінде жәбірленушіге 1 млн. теңге көлемінде өтемақы өндірілген.