«Тыңдайтын мемлекет деген ұғым бізге келмеген»: Таразда тәжік-ауған соғысы ардагерлері Президентке үндеу жолдады

Nur-Altay Umirzak

Олар облыс пен қала әкімдіктерінен үміттерін үзгендігін айтып отыр

Сурет: Бейнеден кадр

Бүгін Тараз қаласында тәжік-ауған соғысының ардагерлері жиналып наразылыққа шықты, деп хабарлайды  Qaz365.kz

Бұл туралы журналист Нурадин Ракай  Facebook парақшасында видео жариялаған.

«Бүгін мұнда тәжік-ауған соғысының ардагерлері жиналып наразылыққа шығып отыр. Кілең әскерилер. Айтуларынша, жергілілікті билікке өкпелі. Ардагерлерге деген құрмет мүлде жоқ дейді. Оның мысалы ретінде ардагерлерге жасалған мемориалды тақтаның баланың ойыншығындай қарапайым әрі сапасыз орнатылған. Бір қызығы, бұл мемориал тақта ардагерлердің өз қаражатына салынған. Ал парк ортасындағы бұл кешен қоқыс алаңына айналып, қараусыз қалған көрінеді. Осы себепті барлығы жиналып, наразылығын білдіруге шыққан екен», – дейді бейне авторы өз сөзінде.

Ол ардагерлермен жолығып, сұхбаттасып арыз шағымдарын бейнеге түсіріп алған.

«Жалпы облыста тәжік-ауған соғысының 500-ге жуық ардагері бар. Қазір одан 200-дейі қалған. Ал бүгін 30-40 белсендісі осы жерде тұр. Осы тұста айта кететін бір жайт бар. Мұны өзіміз-ақ істеп тастайтын едік. Бала-шағамыз бар, оларды оқытып отырмыз дегендей, қаржы жеткізе алмаймыз. Облыс әкімі президенттің саясатын осылай жүргізіп отыр ғой. Осы тақтадан да облыс әкімдігінің ардагерлерге, Отан қорғаушыларға деген құрметін көруге болады. Ескерткіштің қазіргі жағдайының өзі-ақ айтып тұр. Қоқыс алаңына айналып, мүлде қараусыз қалған. Бұл не масқара, өздеріңіз айтыңыздаршы», - деді ардагерлердің бірі.

Сондай-ақ тілші ардагерлерден Жамбыл облысында ардагерлерге жасалған жеңілдіктің бәрі қысқарып жатқанын және оның рас-өтірігін сұрады.  

«Иә, жеңілдіктің бәрі қысқарып жатыр. 2020 жылы Президент жарлығымен арнайы статус берілді. Бірақ, әкімдік ардагерлердің табыстылығын есептейді. Абтобусқа мінсек те, сол. Ал мына тақтаға 8 миллион теңге беру керек болған. Жалынып-жалбарынып, алдарына мың барып жүріп, 500 мың теңгені әрең бөлгіздік. Бұл жерде Жамбыл облысының 5 ардагері және жас өмірлерін соғысқа арнаған тағы басқа қазақстандық ардагерлердің есімі тұр. Қазір жастар әскерге бармайды деп ренжиміз. Мынаны көрген жастар тарихты біліп, Отан қорғап қаза болған аға-көкелерін көрсе, намыстары оянбас па еді?! Біздің кезімізде балабақшадан бастап тәрбиелейтін. Ал қазір ондайды көрмейсіз де, естімейсіз.  Осы тұста тағы бір айтатын мәселе: Біздің 19 жастағы Раджан Батырханов деген батырымыз бар. Ол 200 маджахиттің алдынан жалғыз өзі қасқайып шығып, бесеуін бірден атып өлтіріп, содан кейін өзі қаза болған. Біз оған «Халық қаһарманы» атағын бергізе алмай жүрміз. Біздің батырға деген көзқарасымыз осындай болса, Отанды ертең кімдер қорғайды? Бұл тек біздің ғана мәселе емес, мемлекеттің саясаты болуы керек. Құрметті Президент мырза, Ербол Қарашөкеев пен Бақытжан Орынбеков облыстағы мемлекеттің саясатын осылай ұстап отыр. Бес шаршы метр жерге бюджеттен ақша таппай отыр. Бұл енді нағыз бейшаралық қой», – деді жиналған ардагерлер.

Ардагерлер облыс пен қала әкімдіктерінен үміттерін үзгендігін, ендігі бар үміті Президентте екенін айтып үндеу жолдаған.

«Облыста, аудандарда жасы 50-ге келген ардагер көп. Ешқайсысына қаржылық көмек, қолдау көрсетілмейді. 7 мамыр күні де шақырмайды. Не санаторияға, демалыс орнына жібермейді. Бюджетте ақша жоқ дейді. Спортсмендерге стандарт бойынша пәленбай мыңдап айлық төлейді. Ал ардагерлерге келгенде дым жоқ. Біз дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылдық дейміз ғой. Америкада ардагерлеріне 3 мың мен 9 мың доллар арасында, Еуропада 2 мың мен 3 мың еуроның арасында өтемақы төлейді екен. Бізге үш мың еуро, доллар керек емес, жай ғана санаторияға жіберсеңдер болғаны. Ем алайық. Автобуста тегін жүрсек дейміз. Ол да жоқ. Біз облыс әкіміне де, қала әкіміне де бардық. Нәтиже жоқ.

Құрметті президент Қасым-Жомарт Тоқаев, осы мәселеміз бойынша сізге үндеу жолдаймыз. Біздің облысқа «Естуші мемлекет, Жаңа Қазақстан» деген келмепті. Біздің жанайқайымыз Үкіметке жетпей жатыр. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз. Талап етеміз!», – деді Жамбыл облысының тәжік-ауған соғысының ардагерлері.

Одан кейін мемориал кешенінің жанында жиналған ардагерлер Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын айтып, Тараз қаласы әкімдігіне шерулетіп барған.

«Бес жылдан бері базынамызды жеткізе алмадық. Үш ай болды әкімдікке кіре алмай жүрміз. Қашан келсек те әкімдер орнында болмайды. Шағымымызды қабылдамайды. Талап-тілегіміз орындалсын!» – деп ардагерлер әкімдік ғимаратына ашулана кіріп, Президентке тағы да үндеу жолдады.