Жетіқарадағы өртте 5 баласы өртеніп кеткен ана сотталды

Nur-Altay Umirzak

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Сурет: gov.kz

Жетіқарадағы өртте 5 баласы өртеніп кеткен анаға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Қостанай облысы Жітіқара аудандық сотында 5 баласы өртеніп кеткен анаға қатысты қылмыстық іс қаралған.  

“Сотталушы балаларын қараусыз қалдырдып, үлкен ұлына үйдің іші салқындаған жағдайда пешке от салуды тапсырған. Ұлы пеште отын, көмір және тұрмыстық қоқыстарды жағады, сондай-ақ пеш жанында белгісіз сұйықтықпен жатқан пластикалық бөтелкені отқа салады. Нәтижесінде пештегі жалынның жанып, өртке айналуына себеп болды. Өрт салдарынан бес бала қайтыс болды. Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді. Сот шешімімен айыпталушыға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 74-бабының негізінде жас баланың болуына байланысты жазаны орындау кейінге қалдырылды” , — делінген Жетіқара аудандық сотының хабарламасында. 

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдіріп, бас бостандығынан айырмауды өтінген. Үкім заңды күшіне енген жоқ.