Сарыөзектегі сарбаздың өліміне қатысты Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

Nur-Altay Umirzak

Әр командир үшін де жауынгердің қазасы қайғы болып табылады

Сурет: ашық дереккөзден

Сарыөзек гарнизонындағы сарбаздың өліміне қатысты Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігіне қарасты құрлық әскерінің баспасөз қызметі ақпарат жариялады. Онда оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны, тергеу жүріп жатқаны жазылған.

 "Қызмет барысында сарбаз өзін оң жағынан көрсетті. Әскери бөлім қолбасшылығына қандай да бір арыз, шағым айтқан емес. Қызметтік міндеттерін толық көлемде орындады. Ата-ана мен туған-туысқандардың қайғысын, әрине жақсы түсінеміз, олардың қайғыларына ортақпыз. Әр командир үшін де жауынгердің қазасы қайғы болып табылады," —  деп жазылған хабарламада.

Олар марқұмның туыстарына тиісті барлық көмек көрсетуге уәде беріп отыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға қарумен жұмыс істеу ережесінің бұзылған кезде болған. Әлеуметтік желілерде таратылған ақпаратта қатардағы сарбаз Құрманбек Дастан АК-74 автоматын жерге тіреген сәтте байқамай өз кеудесіне оқ атқан деген болжам айтылып жатыр.

Еске сала кетейік,  14 қаңтарда Жетісу облысы Сарыөзек әскери бөлімінде жас сарбаз өзін жүрек тұсынан атып өлтіргенін жазған болатынбыз.