Жәбірленушілер арасында Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары бар
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысы Қошмамбет ауылында 44 азаматты азаптаған полицейлер сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жәбірленушілер арасында Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары бар. Оның біреуі – қырғыз музыканты Викрам Рузахунов.
Судья Дінмұхамед Адайбаев шешім шығарды. Сот үкімімен Берік Әбілбеков,Серік Тұрпанбаев, Бауыржан Сопақов, Нұрсұлтан Хамитов, Арман Шойбеков, Олжас Айдарханов үш жылға бас бостандығынан айырылды. Полиция қызметкерлері сот залында қамауға алынды.
2022 жылдың 7 қаңтарында Алматы – Бішкек тас жолында «тәртіпсіздікке қатысқандарды ұстау операциясы» кезінде шекара қызметінің арнайы жасағы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарынан шамамен жүз адамды ұстады. Қошмамбет ауылындағы изоляторға 98 адам жеткізілген.
2022 жылдың 9 қаңтарында Qazaqstan телеарнасы Қырғызстан азаматының Алматыдағы қаңтар оқиғасына қатысқаны туралы бейнеролик жариялады. Сюжетте қырғыз азаматы Алматыдағы митингіге қатысқаны үшін 90 мың теңге ұсынылғанын, ол келісімін бергенін айтады. Кейінірек видеодағы азаматтың музыкант Викрам Рузахунов екені белгілі болды. Бұл оқиға дипломатиялық жанжалға ұласты. Қырғызстан музыканттың ұсталуына байланысты Қазақстанға наразылық нотасын жолдады. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қазақстандағы тәртіпсіздіктерге қатыспаған өз елінің азаматтарын қорғайтынын айтты.