Оқиға 18 қаңтарда аурухананың жансақтау бөлімінде болған
Ақмола облысында ерлі-зайыпты ота жасап жатқан дәрігерлерге шабуыл жасаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ақпарат Nayza Kokshe парақшасында жарияланған.
Оқиға 18 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында орын алып, 3 жастағы бала қансырап жатқан күйде ауруханаға жеткізілген.
“Ата-анасының айтуынша, баланың үш саусағы шкафтың астында қалып қойған. Саусақ үгіліп, терісі алынып қалған. Кесілген саусақтарды қалпына келтіру техникалық тұрғыдан мүмкін емес еді. Гангренаның алдын алу үшін жаншылып қалған үш саусақтың ұшын ампутациялау керек болды”, – дейді травматолог дәрігер Мейрам Дүйсекеев.
Stan.kz жазуынша, дәрігерлер баланың ата-анасына ампутация жасалатыны туралы ескерткен. Алайда олар мұны қабылдаудан бас тартқан. Анасы дәрігермен сөз таластырып, соңында пернетақтасын лақтырып, қағаздарын шашып кеткен.
Балаға шұғыл ота жасау үшін анестезиолог Еламан Тәженов шақырылған. Отаға бара жатқан анестезиологты баланың әке-шешесі ұстап алып, балағаттап, қорлай бастаған. Таженовтың айтуынша, баланың ата-анасынан ота кезінде наркоз қолдануға рұқсат алған. Ота аяқталған соң анестезиолог Еламан Тәженов ерлі-зайыптыны шақырып алып, оларға наркоздан кейін балаға қандай күтім жасау керегін түсіндіруге тырысқан. Алайда ерлі-зайыпты дәрігердің сөздерін құлағына да ілмеген.
“Олар екі рет жансақтау бөліміне басып кірді. Оларды көрген бала, әрине жылады. Ерлі-зайыпты аурухананы басына көтеріп, айғайлап, жансақтау бөлімінің есігін сындырды, мейіргерлерді итерген. Әйел маған шабуыл жасап, кеудемнен ұрды”, – дейді Еламан Тәженов.
Ауруханада шу шығарған ерлі-зайыптыны инспектор да сабасына түсіре алмаған. Кейін медицина қызметкерлері полиция шақыруға мәжбүр болған. Дәрігерлер баланы палатаға ауыстырып, ерлі-зайыптының үстінен шағым түсірген.