Еліміздің 16 өңірінде су тасқынына дайындық жүргізіліп, ұзындығы 584 шақырым бөгеттер жөнделген
Көктемгі су тасқыны кезеңіне белсенді дайындық жұмыстары жүргізіліп, 400-ге жуық бөгет жөнделген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі су қоймалары мен басқа да гидротехникалық нысандарды жаңғырту және жөндеу бойынша ауқымды жұмысты бастады.
“Өткен жылы министрлік 20 жобаны іске асырумен айналысты. Ақтөбе су қоймасына 36 жылда алғаш рет кешенді реконструкция жасалды. Бүгінде қойманың сыйымдылығы 245 млн текше метрге жетті. Ал Батыс Қазақстан облысында соңғы 58 жылда бірінші рет Киров су қоймасы жөнделді. Суару каналдары қалпына келтірілді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде шаруаларға арналған судың сапасы жақсарды.”, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Атырау облысында 41 жылда алғаш рет ұзындығы 74 шақырым болатын «Ақсай» каналы жөнделген.
“Ал Шығыс Қазақстан облысында Қандысу өзеніндегі су қоймасын қайта жаңғыртуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Астана су қоймасын реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, еліміздің 16 өңірінде су тасқынына дайындық аясында жалпы ұзындығы 584 шақырым болатын 400-ге жуық бөгет жөнделді», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.