"Қазақстан неге бейқам жатыр?": Украинадағы соғысты көрген қазақ қызын не алаңдатады

Nur-Altay Umirzak
Сурет: masa.media/kz

Украинадағы соғысты өз көзімен көрген қазақ қызын бүгінгі Қазақстанның геосаяси жағдайы мен болашағы қатты алаңдатып отыр, 

Бұл туралы  Masa.media Украинада соғыс кезінде қызмет еткен  журналист қазақ қызынан сұхбат алған. Назарларыңызға сұхбаттың толық нұсқасын ұсынамыз:

«Киевке өзі қызмет ететін телеарнаның тілшілер қосынын құруға келген қазақстандық жас журналист Аида Қыдырбай ә дегеннен сергелдеңге тап болды. Тағдырлы Украинаның «тар жол, тайғақ кешу сәттерін: әлем назарын аударын Майданның бас-аяғын, Қырым аннекциясын, Доннбастағы антитеррорлық әрекеттеді өз көзімен көріп, басынан өткерді. Ал 2022  жылы Ресей Украинаға басып кірген аласапыран уақытта оқиға ортасында жүрген Аида тілші ғана емес, перзентінің болашағы үшін алаңдайтын ана еді. Бүгінде Еуропада босқын статусын алды...».   («8 жылға созылған іссапар» кітабынан, 2024 жыл).

 –  Аида, кітабыңды оқып, өзіңді жаңа қырыңнан таныдық. Батыл екенсің. Оқ пен оттың ортасында қиналып жүрген сәттеріңді бөліскенде, «мына қыз неге елге оралмайды» деген ой еріксіз келеді. Қызыңды алып, Қазақстанға неге қайтып келмедің?

 –  Сәлем, Мөлдір, сұрағыңа рақмет! Батыл болуды басқа түскен сынақ, соғыс және сол сын сағаттардан сағы сынбай келе жатқан Украина жұртынан үйрендім. Қала берді, Мөлдір, өзім де қазақтай қайсар, ержүрек елдің қызымын ғой. Осал болуға еш қақым жоқ. Оған қоса ол кезде мен екі бірдей мемлекеттік арнаның Украинадағы арнайы тілшісі едім. Бұл деген ел жүгін арқалаумен тең үлкен жауапкершілік. Бәрін жол ортадан қалайша тастап кетемін? Журналист ретінде үнемі оқиға орнында болуым керек. Әсіресе  тв журналистері үшін сөзден гөрі шынайы ақпаратқа негізделген видео, интервью, дыбыстық қыстарма дегендер өте-мөте маңызды, өзің де білесің. Сол үшін соғыс енді басталған уақытта мен мемлекеттік арналармен келісімшарт негізінде  жаңалық  беруді жалғастыра бердім.

2022 жыл, Киев. Аиданың жеке мұрағытынан 

Шекарадағы босқындар, әскери бекеттер, дүкендердің жай-күйі, жарықтың, жанармайдың жағдайы… тағы басқа да әлеуметтік ақпараттар менің назарымнан тыс қалған емес. Десе де майданның алғы шебінен қазақ тілінде әскери жаңалықтарды жеткізу, нағыз қайнаған соғыс ошағынан қазақ тілінде сараптама жасау жағы ақсап жатты.

2022 жыл, Киев. Аиданың жеке мұрағытынан 

 Мені өкіндіретіні осы фактор. Ақпараттық қауіпсіздік деген де осындай нәрселерден басталады. Біз әлемдегі кез келген жағдайды еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де назарда ұстап отыруымыз қажет деп білемін.

 –  «Хабар 24» арнасы сен түсірген кадрларды эфирге шығарды ма?

 –  «Хабарға» аяқ астынан топ ете қалған адам емеспін ғой. Біреуге аз, біреуге көп - он екі жыл өмірімді арнаған телеарна. Осы арнаның босағасынан студент боп аттап, халықаралық деңгейде тісқаққан журналист боп қалыптасқан шағымда кеттім. Рас, сонау майданнан басталып,  соғыс ошағынан түсірілген кадрлар телеарна қорында қалады. Олардың эфирден берілу-берілмеуі арнаның құзырындағы дүние. Ал өзім үшін бастысы – мен журналистік кәсіби міндетімді мейлінше адал атқардым. Алда да солай бола бермек.  Сондықтан ертең-ақ әлем үшін құнды тарихи фактілерге айналар кадрлар жасағаныма еш өкінбеймін. Қарап отырсам, бүтін бір елдің үш бірдей басшысынан - Янукович, кейін Порошенко, сосын Зеленскиймен сұхбат алыппын. 

Президент В.Зеленскиймен сұхбат/Аиданың жеке мұрағатынан

 Әлемнің әр тұсынан жиналған  әріптестерімнен таласа-тармаса жүріп, кейде сытылып, суырылып алға  шығып, бірде оза шауып осы сұхбаттарға қол жеткізу оңай болмады. Оны  журналист ретінде өзің де түсінесің деп ойлаймын. Одан бөлек  майдандағы қырғынды, қантөгісті, мүрделерді, өртке оранған алаңды, адамдарын  арнаның операторымен жүгіріп жүріп,  өзім де жеке мұрағатым үшін өз камераммен, кейде телефонмен түсіре бердім. Осыдан-ақ жеке қорымда қаншалықты құнды мәліметтер бар екенін топшылай берсең болады.

 –  Шығармада «өр рухты украиналықтар жеңіске жетеді» деп жиі жазғансың. Дегенмен, сөз арасында халық қажып кеткенін де байқауға болады. Украина үшін жеңіс деген не? 

 –  Кітапты мен соғыс оты енді ғана бұрқ ете қалғанда жаздым ғой. Ол тұста мені қойып, украин халқының өзі алай-дүлей күй кешті.  Қабылдау қиын болды. Шайдай ашық аспаныңды бір күнде қара бұлт шалса,  қайтер едіңіз?  Менің де бойымды сан алуан сезім биледі. Ондайда түрлі  эмоцияның болуы  заңды да, өйткені мен турист емеспін.  Украинаның  тұрғынымын.  Ішкі жағдайды жаңалықтан емес, өз көзіммен көрдім. Жан-тәніммен сезіндім… Ал бірақ, бұл соғыс ел күткендей болмады. Ащы ішектей созылып кетті. Қарапайым халық, шыны керек, шаршап, арып-ашып тозып кетті...  Соғыстың еш мемлекетке опа бермейтінін түсінді. Иә, соғыс бірді-екілі үлкен фигуралар үшін бизнес көзі болуы да бек мүмкін. Бірақ бүтін бір ұлт үшін нағыз геноцид дер ем. Қалай десек те Украина өр рухты, қайсар халық екеніне көзім жетті. Өзіңнен әлдеқайда әскери қуаты, күші басым, қаражаты көп ірі жауыңмен үш жыл бойы соғысуға техника мен сарбаздан бұрын үлкен ЖҮРЕК керек қой. 

Майдан алаңы, жылап отырған сарбаз/ Аиданың жеке мұрағатынан

Дегенмен дәл осы сұхбатты беріп отырғанда айтарым –  “жеңіс” деген позиция енді кеш...  Өйткені миллиондаған  өлім, жап-жас қыршыннан қиылған тағдырлар, психикасына зақым келген жанұя, мүгедек, тұтқындар, қанша шаңырақ ортасына түсті, табиғатқа келген залал қанша, қарызды қай ұрпағы қайтарады? Бұл шығынның орнын енді ешқандай жеңіс толтыра алмас…

Қаза болғандардың рухына тағзым/ Аиданың жеке мұрағатынан

 

 Басында болыспақшы болған Еуропа мен батыс та өз күйін күйттеп кетті. Сенгені сырт айналғандай күй кешкен украин халқы соғыстан  әбден шаршады дегенім сол. Түрлі сойқанды көзбен  көрген адам ретінде айтайын саған,  СОҒЫС ешкімді аямайды. Тек құрдымға жетелейді. Елімнен, қазағымнан соғыстың беті аулақ болсын, ешқандай жағдай соғысқа жеткізбесін.

 –  Соғыс саған нені ұқтырды?

 –  Бейбіт күнге жетер бақыт жоқ екенін ұқтым.  Мемлекеттің басты байлығы – адамы. Аспаның ашық, ұшағың уайымсыз ұшып-қонып, халқың аман-есен, бақуатты ғұмыр кешсе – бақыт деген сол. Қарап тұрсаңыз, Украина да  Еуропаның қақ ортасына қоныс тепкен, кеше ғана еш қамсыз, уайым-қайғысыз  отырған ел еді ғой. Бүгінгі күйі - мынау, ертеңі - тіптен бұлыңғыр. Халқы босып кетті. Неге? Өйткені жау жағадан алғанда, іштегі «бөрісі» етектен жармасты.  Жемқорлық жойылған жоқ. Ал жемқорлық деген - жегі құрт, онымен айналысу -  елге деген опасыздық. Сондықтан аса сақ болған абзал. Әр азаматы өз қызметін адал атқарған ел ғана елдігін, тәуелсіздігін сақтап қалмақ.

 – Қазақстанның көп векторлы саясатына қалай қарайсың?

 –  Соғыстың кермек дәмін татқан адам ретінде бойымды қанша эмоция билесе де, елімнің бұл ұстанымын теріс дей алмаймын. Қазақстан қуатты державалармен, беделді дамыған елдермен, оның ішінде әсіресе көрші-қолаңымен тату, жылы, ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқаны дұрыс. Оны көзіміз көріп отыр. Әрине, мен «Ресейден іргені аулақ салу керек, Қытаймен қарым-қатынаста абай болу керек» деп ішкі үрейіммен кеңестер беруіме болар еді. Бірақ, саясатта эмоцияға жол жоқ, салқынқандылық керек. Бір мысал айтайын,  соғыс енді басталғанда Украинаның Қазақстандағы елшісі  Петр Врублевский эмоциямен сөз сөйледі де ақыры қызметінен кетті ғой. Әлі күнге дейін елімізде Украинаның елшісі тағайындалмады-ау, білуімше? Енді өзіңе сұрақ:  кім ұтты, кім ұтылды? Сыртқы саясатта, әсіресе соғыс уақытында Украинаны Елшісіз қалдырған мемлекеттік қызметкердің бұл қылығын  оң дей аласыз ба?.

 Мен үшін елімнің егемендігінен, амандығынан асқан бақыт жоқ. Сондықтан, ешкімнің еш уақытта еліме көз алартқанын қаламаймын да тілемеймін. Дегенмен еліме қазақ даналығына салып, «бауырмал бол, бірақ бейқам болма» дер едім. Рас, билікке айтар базынам  өте көп. Әлемдегі болып жатқан жағдайлардан сабақ алып, халықтың ашуымын ойнауға болмайтынын ескерсе екен деймін. Экспансия көп. Халық аш-жалаңаш, көңілі жүдеу болса, оны өз дегеніне жетелеп кететін күштер қашан да табылады. Ал билік, қоғам, халық үшеуі үш жаққа қарағанда ошақтың басын ұстап тұру қиын.  Бірлігі мықты, азаматы адал елді ғана жау ала алмайды.

 –  Зеленский сайланғанда, Киев іргесіндегі шағын қалада тұратын ата-анасының үйіне барып, сұхбат жазыпсың. О кісілердің Қазақстанға қатысы бар болып шыққаны да қызық...

 –  Сұхбатты елдегі бір ақпарат алаңына арнап жазғанмын.  Отандық БАҚ эсклюзив сұхбатты  жарыса көшіріп басып жатты, өзім арзанға кетті деп ойлаймын. Бағасын айтпай-ақ қояйын. Айтпақшы әлгі сұхбатты  украин, беларусь тілшілері де талай уақытқа дейін бөлісіп жатты.

 –  Ресей идеологияға ақшаны аямай құйғанын, ал Украина бейқамдық танытқанына тоқталыпсың. Қазақстан осы тұрғыда сырттай қалай көрінеді?

 –  Қазақстан да бейқам жатыр. Мені алаңдататыны да сол. Идеология дегеннің өзі ортақ мақсат деген сөз ғой, ал бізде ортақ мүдде, ортақ мақсат бар ма? Елдің өз ішінде алауыздық өршіп тұр.  Орыс және қазақтілді деп бөлінеміз. Одан қалды оралман деп алалаймыз. Ал қоғамдағы дін мен діл айналасындағы қайшы пікірлерден тіптен аяқ алып жүре алмайсың. Өмірде де, әлеуметтік желіде де бірін-бірі талауға дайын. Зиялы қауымның өзі бірнеше топқа бөлінген. Қаламгерлер де бір-біріне қырын қарайды. Адам қайтқанға көңіл айтудың өзін пікірталас алаңына айналдырып жіберетін болыпты. 

 Украина да сондай болған, өз ішінен шу шығарғандар қауіпті, Қазақстан осыны қаперде ұстаса екен. Украина тағдыры Қазақстан үшін мықты мектеп әрі сабақ болуы тиіс. Пропаганда деген дүниені мен кітапта көп жазамын ғой, соны игі мақсатта қолданып, ұлттық мүдде деген идеологияны күшейтіп отыру да маңызды. Ұлттық мүдде өзара татулықты насихаттауы тиіс. Соғыс алдында Украинаның шығысы әлсіреп қалды, үй ішінен үй тіккісі келгендердің қалай өсіп кеткенін қоғам мен билік бақылай алмай қалды. Уысынан шығарып алды. Бұл өте қауіпті екеніне көз жетті.

 –  Дербес ел ретінде біз неге мән беруіміз керек?

 –  Дербес, дербестік…Менің дегбірімді алатын ерекше сөз қазір. Украинаның тұрғыны ретінде дәл осы сөздің құндылығын қайта қарап шықтым. Дербес ел ретінде біз осы дербестігімізді қызғыштай қорғауымыз керек. Ол - бәрімізге артылған ұлы жауапкершілік. Бірақ дербестікті Украина сияқты қарумен қорғайтын күн туса - құрдымға кеттім дей бер. Өйткені бұл сұмдық өлім машинасы, жолындағысын жайпайды, халқыңды бездіреді, балаңды өлтіреді, баспанаңды қиратады.

 

2013 жыл. Майдан алаңы/ Аиданың жеке мұрағытынан

Біз қайтсек де соғысты болдырмауымыз керек. Өйткені әлеуетіміз жоқ, әлсіз, ең қорқыныштысы біз санымызбен азбыз. Украина халқының саны шамамен елу млн болған, қазір қараңызшы қанша қалғанын. Соғыстан кейін аяққа қалай тұрасың қайтадан?

 –Ресей журналистерінің жазбаларын соғыс басталғалы жинақтап жүрдің бе? Кітапта сәтті қолданғансың...

 –  Қазір барлық телеарна, радио, ютуб болсын телефонның өзінде қосымшалары бар ғой. Соғыс басталғанда бәрін орнатып алғанмын, салыстырып, салмақтап, сараптап, сұрыптап, скриндеп бақылап отырамын.

 

«8 жылға созылған іссапар» кітабынан

 Оның үстіне Украинаның Тарас Шевченко атындағы ұлттық университетінің “стратегиялық коммуникация” деген мамандығы бойынша магистратурасын бітіргенмін. Сол жерден алған білімнің де септігі көп тиді. Әсіресе пропаганда туралы дәрістерді жиі өттік, фейк жаңалықтардың  құрылымымен көп таныстым. Ең қорқыныштысы - өтірік ақпараттың да өте қауіпті өз мақсаты болады. Осы өтірік түбінде екі халықты бір-біріне жау қылды қарамайсыз ба… «Айтылған сөз - атылған оқ» екенін ескерсек, журналистердің де бүтін бір ел, тұтас ұлт алдындағы жауапкершілігі орасан зор. 

 – Кітап шығаруға елшілік көмектесті ме, шығарманың тұсау кесерінде елші Дархан Калетаевты көріп қалдық?

 –  Жоқ, елшіліктің еш қатысы жоқ. Кітап шығару деген оңай әрі арзан дүние емес екен. Бұл ретте кітап шығындарын өтеуге өз еліміздің жанашыр бір азаматы көмектесті. Атын құпияда ұстауды сұрап еді, сондықтан уәдемді бұза алмаймын. Ал Дархан Калетаев мырзамен сәлеміміз түзу.  Соғыс басталғанда көп азаматтарды  эвакуациялай алды, консулдық сала жұмысын тәуір атқарып отыр. Оны кітабымда да жазғанмын. Қандай қауіпке қарамастан Киевтегі дипломатия жұмысы тұрақты. Соғыс басталғанда  елшілік ғимаратының тура жанынан зеңбірек  жарылған. Қандастарымызды Құдай сақтады. Ана жолы да Киевтегі Лукиянов метросына тағы зеңбірек түсті. Біздің елшілік сол метроның дәл қасында отыр, мысалы. Иә, қаңғыған оқтың қайда бағыт аларын ешкім білмейді.

Қауіп-қатер қастарында екенін білсе де ат-тондарын ала қашпай  қызметтерін жалғастырудың өзі батылдық дер ем. Сіздің жаныңызда зеңбірек жарылып көріп пе еді? Жоқ? Демек үндемей-ақ қойған абзал... Себебі соғыс болып жатқан елде елші де, тілші де болу оңай емес…Айтпақшы  видеодан “Охматдит” деп аталатын Украинадағы ең ірі балалар ауруханасының басшысы Владимир Жовнер мырзаны да байқауға болады.

Украиндық бас дәрігер кезінде Қазақстандағы қайырымдылық қоры арқылы талай қазақ баласының жүрегіне тегін ота жасауға мол септінін тигізген азамат. Әлі де екі елдің медицина саласындағы ынтымақтастығын арттыруға күш жұмсап келеді. Киевтегі тұсаукесерде кітабым арқылы мен де миссиямды орындадым ба деп ойланып қалдым. Арнаулы тілші екі елді жауластырмауы тиіс, керісінше достығын арттырған жөн. Сондықтан еңбегім  украин тілінде де жарық көрді.

 – Кітабың өтіп жатыр ма? Қайдан сатып алуға болады?

 –  Жалпы әлем назарын аударған оқиғаларға, тарихқа әртүрлі ракурстан қарағысы келетін көзі қарақты оқырман оқуы керек еңбек дер едім. Бұл жерде соғыс психологиясы, сабақ болар оқиғалар көп-ақ. Екі тілде жазылған еңбек.  Қазірдің өзінде құлақтанған ел алып, оқып жатыр. Технологияның дамыған заманы ғой, үйде отырып-ақ Каспи дүкеннен тапсырыс беру арқылы алдыра аласыз. Сілтемесі мынау: «8 жылға созылған іссапар»

 Сондай-ақ Алматы қаласы Бөгенбай батыр көшесі 142 Coffee Bookтан да сатып алуға болады. Кітап артында кюар код бар, телефон арқылы өтсеңіз автормен байланыс жолдары көрсетілген. Оқып, пікір жазып, белсенді болсаңыз қарсы емеспін. Мархабат!

 – Қазір Испаниядасың ба? Босқын мәртебесін қалай алдың? Ол жақта қашанға дейін тұруға болады?

 –  Иә, соғыс басталғанда біз де, яғни Украинадағы өзге ұлттың азаматтары Еуропадан көмек алуға Заң бойынша рұқсат алдық. Бірақ құжат бойынша сен Украинаның ұзақ мерзімді тұрғыны болуың тиіс және соғыс басталғанға дейін бес жыл Украинада өмір сүрген болуың міндетті. Менің украин еліне табан тіреген кезеңім, бәрі-бәрі бұл талаптарға сай келді.

2022 жылы Еуропа аймағында заңды тұруға, жұмыс жасауға, денсаулыққа қатысты сақтандыру құжаттарын рәсімдеуге, аптасына бір рет азық-түлік алуға, тегін тіл курстарына жазылуға мүмкіндік беретін босқын статусын Барселонада рәсімдедім. Украин босқындары туралы сюжетті қосымша эфирге дайындап отырдым.

 – Ата-анаң да тәуекелшіл, батыл жандар болар? Әйтпесе, қаршадай қызын қалай қиып жіберді кезінде?

 –  Ата-анам, ағам,  сіңілім - өте толерантты жандар. Менің жеке өміріме, шешімдеріме, жұмысыма араласқан емес. Оның үстіне осыдан он екі жыл бұрын Украинада соғыс болады деп кім ойлаған? Өз алдына бейқам жатқан бейбіт ел еді ғой. Ал ата-анам қай-қай баласының да «әлемді аралаймын, ел көрем, білім алам, көңіл көкжиегімді кеңейтем» деген тілегін қашан да қолдайды.  Бетімізден  қаққан емес.

 

Аида құрбыларымен/жеке мұрағатынан

 Керісінше еркін ойлы, есті азамат боп өсуімізге барын салды десем қателеспеймін. Әлі де солай, әр шешімімді түсіністікпен қабылдайды. Рас, сұрапыл соғыс боп жатқан елде жүрген перзентін қай ата-ана болмасын уайымдайды ғой, жанын шүберекке түйіп отырады. Ала таңнан амандығымды тілеп, Алласына аманаттайды. Үнемі ата-анаңның дұғасында болудан асқан бақыт бар ма бала үшін?!

 – Соғыс бітсе, Киевке ораласың ба?

 –  Уақыт көрсетеді. Қазір тап басып, әлдене дегім келмейді. Адамның жоспары мен Алла тағаланың жоспары қаншалықты үйлесім табарын уақытында  көре жатармыз. Алайда ақпараттан алыстамаймын, соны білем, жылдар бойы жинаған тәжірибемді қолданатын уақыт келді. Оның үстіне Еуропаны еркін аралап жүрген адаммын ғой, бұл мүмкіндікті де пайдалансам деймін.

 – Кішкентай Дәрияң аман болсын. Өзіңе шығармашылық шабыт тілеймін!

  – Рақмет! Сенің де балапаның аман, ата-анасының уайым-қайғысы аз болсын!