Заңсыз жабдықталған көліктер бұзушылықтар жойылғанға дейін арнайы тұраққа қойылды
Жамбыл облысында полицейлер автокөліктерді заңсыз жабдықтау және жанар-жағармайды заңсыз әкетуге қарсы күрес жүргізуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері жанар-жағармай материалдарын ел аумағынан тыс жерлерге әкетуге жол бермеу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Полиция қызметкерлері тиісті рұқсатсыз қосымша жанармай бактарын орнату жолымен көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу деректерін анықтауға ерекше назар аударуда.
«Көлік құралының конструкциясына заңсыз өзгерістер енгізу жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Осындай бұзушылық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігі бойынша (Тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару) 58 980 теңге сомасында айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деп атап көрсетті Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев.
Рейдтер басталғаннан бері осы бап бойынша 130 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Заңсыз жабдықталған көліктер бұзушылықтар жойылғанға дейін арнайы тұраққа қойылды.