Әкесін қажылықтан әкеле жатқан дәрігер Павлодар тұрғынын ұшақта аман алып қалды

Qaz365.kz редакциясы

Негізі, экипаж шұғыл жағдай болса ең жақын әуежайға тоқтаймын деген

Фото: gov.kz

Жетісу облысы Көксу аудандық дәрігерінің бас дәрігері Жаннұр Сырымов қажыдан келе жатқан ер адамды бір ажалдан аман алып қалған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дәрігердің ерлігі жайлы денсаулық сақтау министрлігі жазып отыр. Дереккөз мәліметінше, Қазақстанның бір топ азаматы Сауд Арабиясындағы қажылықтан елге оралып келе жатқан.

«Ұшақтың ішінде қажылыққа Павлодардан барған азамат тұмау тиіп, соған қарсы дәрі ішкен. Бір сағат ұйықтап оянған оның бет-аузы қатты ісіп, жағдайы нашарлаған. Бортсерік көмек сұрағанда Жетісу облысының дәрігері Жаннұр Сырымов науқасқа бірден алғашқы көмек көрсете бастаған», - деп жазады ДСМ баспасөз қызметі.

Негізі, экипаж шұғыл жағдай болса ең жақын әуежайға тоқтаймын деген. Бірақ, Жаннұр Сырымовтың сөмкесінде жолаушыны құтқаратын екпелердің бәрі болған екен. Өйткені, дәрігер мүгедек әкесін қажылыққа апарып келе жатқан.  

«Науқасқа өмірімде әуеде медциналық көмек көрсетем деген ой болмапты. Әкеме үнемі ем-дом жасап жүретіндіктен, дәрі-дәрмек қобдишасын жанымнан тастамаймын.  Бортсерік қыздың хабарлауынан соң науқас ағаның жанына жедел барып қарасам, көзінің айналасы мен беті ісіне бастаған. Мұны медицина тілінде «Квинке ісінуі» деп атайды. Егер 15-20 минут ішінде адамға медициналық көмек көрсетпесе, өліп кетуі ықтимал. Бірден «Аллергопресс» және «Преднизолон» препараттарын ектім. Одан соң қан қысымын өлшеп, тілінің астына таблетка салдым. Система салуды да бастап кеттім», - деді Жаннұр Сырымов.

Жаннұр Мауленұлы медицина саласындағы алғашқы қызметін санитарлық фельдшер болып бастаған. Көксу ауданындағы қызметіне дейін Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бүйрек трансплантологиясы, урология және экстракорпоралды детоксикация бөлімшесінің меңгерушісі, Талдықорған қаласында аурухана басшысының орынбасары болып еңбек еткен.