Қонаевта бір топ оқушы қатарласын ұрған – білім басқармасы түсініктеме берді

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы көпшіклікке алғаш журналист Гүлмира Әбіқай хабарлаған еді

Фото: Instagram/gulmir_ktk

Журналист Гүлмира Әбіқай Қонаев қаласында мектеп оқушылары қатарласын топ болып, соққыға жығып, жансақтау бөліміне түсіргенін жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Белгілі болғандай, оқиға қалаға кіреберістегі көпірдің астында болған.

«Әскер мен мектепте тоқтар емес! Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы. Қалаға кіре беріс алып көпірдің асты күші тасыған оқушыларға күшті мекен болды. Топтық төбелес, тығылып ішу, шегу бәрі осында өтеді.

Кеше ғана 9-сынып оқушылары топтасып өз сыныптасын өлімші етіп ұрып тастаған. Бала жансақтау бөліміне түсті, қазір ауруханада. Ата-анасы өзімізді кінәлі қылуда деп жазыпты. Ата-ананы тыңдамайтын, тәртіпке бағынбайтын, инспектордан ықпайтын баланың орны – колония. Ешкім баласын бақша, мектеп, әскерге мүгедек болсын деп жібермейді», - деп жазды Гүлмира Әбіқай.

Алматы облысының білім басқармасы оқиғаға қатысты жауап берді.

«Аталған мәселе бойынша Білім бөлімі тарапынан арнайы комиссия құрылды. Істің мән-жайы анықталуда. Полиция басқармасында іс тіркеліп, тергеу амалдары жүріп жатыр. Бүгінде оқушыға психологиялық көмек берілді. Жасөспірім ауруханада ем қабылдап жатыр», - деп хабарлайды білім басқармасы.