Жантүршігерлік: Түркістан облысында жол апатынан алты адам мерт болды

Qaz365.kz редакциясы

Процестік шешім қабылданатын болады

Фото: polisia.kz

Түркістан облысында екі көлік жантүршігерлік жол апатына түсіп, алты адам қаза тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Полиция екі көліктің жол апатына түсуіне байланысты тергеу жүргізіп жатыр. 

Оқиға 3 ақпанда Түркістан облысының Кентау-Түркістан тас жолының 5 шақырымында болған. "Ауди" маркалы екі бірдей көлік жол апатына түсіп, артынан өрт шыққан.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жеңіл көліктердің бірінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып екіншісімен соқтығысқан. Апат салдарынан 6 адам қаза тауып, 4 адам түрлі дене жарақаттарымен Кентау қаласының медициналық мекемесіне жатқызылды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесімен процестік шешім қабылданатын болады.

Түркістан облысының Полиция департаменті жүргізушілерді жол ережесінің талаптарын сақтауға, жылдамдықты асырмауға және қарсы жолаққа шықпауға шақырады.