Қазақстанда жарық бағасы бірден 20 пайызға өсті

Qaz365.kz редакциясы

Тарифтер бағасы өзгерді

Фото: pixabay

1 ақпаннан бастап елімізде жарық бағасы бірден 20 пайызға өсті. Министрліктің мәліметінше, елде бар бас-аяғы 36 электр станциясы тарифті көтерген, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

"Жеке және заңды тұлғалар үшін түпкілікті тарифті табиғи монополия саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті реттейді. Біз қазір тарифті бекіттік, ары қарай энергия беруші ұйымдар қағидалары негізінде өтініш тастайды, сосын ары қарай Ұлттық экономикадағы әріптестер шешім қабылдап, жаңа тариф бекітеді", - дейді Энергетика министрлігі, электр энергетикасын дамыту департаментің бас сарапшысы Жанарыс Мұсаханұлы. 

Яғни қарапайым тұтынушылар электр қуатының бір киловаты үшін екі теңгеге артық төлемек. Тарифтің өзгеруіне қызметкерлердің жалақысының көтерілуі, отын ретінде пайдаланылатын көмір мен газ бағасының өсуі, сондай-ақ станцияларда жүргізілетін жаңарту жұмыстары себеп болып отыр. 

Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында ТМД елдерінде электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат деді. Ол тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес екендігін атап өткен еді.