Қызыл түске боялған Каспий теңізі жұрттың үрейін ұшырды

Qaz365.kz редакциясы

Экологтар не дейді

Фото: @112_aktau / Instagram

Ақтауда 1-шағынаудандағы Каспий теңізінің жағалауы қызыл түске боялған. Жергілікті тұрғындар дабыл қағып отыр, алайда экологтар ақтаулықтарды сабырға шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жергілікті тұрғындар бұл құбылысқа кейбір химиялық төгінділер әсер етуі мүмкін деп топшылады. Ал экологтар бұл қарапайым құбылыс екенін айтып, экология мен адамдарға қауіп төндірмейді деп сендірді.

"Бұл - әр қыс сайын жиі кездесетін табиғи құбылыс. Әсіресе, қар жауса, ақ түс пен ашық қызыл түс қорқынышты көрінеді. Қоңыр балдырлар осындай түс береді", - деп түсіндірді "Эко Маңғыстау" ҮЕҰ басшысы Кирилл Осин.

Экологтар суық мезгілде балдырлар көбейіп, гүлдейтінін айтты, бұл осындай "қорқынышты" жағдай туындауына ықпал етеді екен.

Маңғыстаудың Экология департаменті де теңіз балдырларының әсерінен жаға қызыл түске боялғанын мәлімдеді, бірақ сынамалар алынған.

"Достар" жағажайы, "Нұр-Плаза" және яхта клубы аумағынан сынамалар алынды. Талдауларға сүйенсек, теңізде химиялық әсер табылған жоқ. Балдырлар ешқандай зиян келтірмейді. Бұл - табиғи құбылыс, сондықтан алаңдамаңыздар", - деп түсіндірді Маңғыстаудың экологиялық зерттеу зертханасының гидробиология бөлімінің зертханашысы Нұрболат Өтемісов.