Шымкентте жеке қайырымдылық қоры оқушы қыздарды отбасынан заңсыз тартып алды

Qaz365.kz редакциясы

Шымкенттегі жеке қайырымдылық мекемесінде 40-қа жуық мектеп жасындағы қыз ата-анасының қарауынсыз өмір сүріп келген.

Фото: Otyrar.kz

Шымкенттегі жекеменшік қайырымдылық мекемесінде 40-қа жуық мектеп жасындағы қыз ата-анасының қарауынсыз тұрып келген. Бұзушылықты Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура қызметкерлері анықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

  • Қайырымдылық қоры 28 отбасының қыздарын өз қамқорлығына алған.
  • Кейбір оқушы қыздар онда бірнеше ай болса, басқалары үш жылға дейін тұрған.
  • Мамандардың айтуынша, қор әділет органдарында ресми тіркелгенімен, балалар мен жасөспірімдерді оқытумен айналысуға құқығы жоқ.

Бұл жағдайды мекеме басшылығы білген. Бұзушылықты анықтаған соң директор мен әкімшілікті қатаң жауапқа тарттық. Сондай-ақ оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының, ақпаратты жасырғаны үшін сынып жетекшілерінің жауапкершілігін де қарастырдық, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Абылаев. 

Заң бұзушылық анықталған соң, қайырымдылық қорында тұратын 33 қыз уақытша оқшаулау және бейімдеу үшін қала орталығына жіберілді.

Олардың барлығы №24 мектепте білім алған.Оқушылардың отбасында тәрбиеленбейтінін мектеп әкімшілігі мен ұстаздары білгенімен, құзырлы органдарға хабар бермеген.

Қазір балаларын қараусыз қалдырған ата-аналардың да, шара қолданбаған мұғалімдердің де жауапкершілігі қарастырылуда.