Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылған
Костенко шахтасында кеншілердің қаза табуына қатысты 106 томдық қылмыстық істі сотқа жіберді,
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметі мәлімдеді.
“2023 жылдың 28 қазанында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахтасында жарылыс болып, 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған еді. Осы апатқа қатысты Қарағанды облысының прокуратурасы 106 томдық қылмыстық істі сотқа жіберді. Тергеу барысында жазатайым оқиғаға тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің жаппай бұзылуы себеп болғаны анықталды. Көмір өндіру алаңындағы жарылыстан 46 кенші қаза тауып, 28 кенші жарақаттанды. Шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер - 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Барлығы қамауда», – делінген Бас прокуратура ақпаратында.
Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылды. Бұл бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыстық іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылды.
Еске сала кетейік, осыған ұқсас оқиға кеше 17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына тиесілі шахтада 640 метр тереңдікте тау жынысы опырылып, 7 жұмысшы үйінді астында қалған болатын. Кейін ТЖМ құтқарушылары барлық 7 жұмысшының мәйітін тапқаны туралы жазған болатынбыз.