«Іс материалдарымен танысып біттік»: Шерзат Болат ісінің соты қашан басталатыны айтылды

Qaz365.kz редакциясы

Шерзат ісі бойынша күдіктілердің түрмеде туған күндерін мәз-мейрам тойлап отырған видеосы тараған еді

Фото: ашық дереккөзден

Шерзат Болаттың туған-туыстарының мүддесін қорғайтын адвокат Саида Тәуекел сот қашан басталатыны жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Біз қылмыстық істің материалдарын көптігіне қарамастан зерттеп біттік. Бүгінгі таңда біздің оппоненттер (күдіктілер) сол материалдарды зерттеуде. Олар танысып біткеннен кейін тергеу органдары бізге хабарлайды. Содан кейін сот отырыстары қашан басталатыны белгілі болады. Біздің болжамға сәйкес, наурызда істі сотқа беретін сияқты. Қылмыстық іс бойынша сот тыңдауы наурызда басталады деп болжаймыз», – дейді Саида Тәуекел.

Бірнеше күн бұрын Шерзат ісіне қатысы бар деген күдіктілердің түрмеде туған күндерін мәз-мейрам тойлап отырған видеосы тараған еді. Осы бейнежазбадан кейін Шерзат ісі бойынша адвокаттар құқық қорғау органдарына сұрау жіберген. Бүгін олар Алматы облысының уақытша ұстау изоляторында тұтқындарды ұстау нормаларын бұзу фактісі бойынша алған ақпараттарын мәлімдеді.

Адвокат Ерлан Адаев тараған видео бойынша Ішкі істер министрлігіне сұрау жолдаған. Қызметтік тексеріс жүргізілді ме, жоқ па, оның қандай сатыда екенін, уақытша оқшаулағыштағы күдіктілер ұстаған құралдар тәркіленді ме, жоқ па деген ақпаратты сұратқан.

«Еңбекші қазақ ауданындағы лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеріс аяқталды. Қорытынды Алматы облысының полиция департаментіне жіберілді. Іске қатысты лауазымды тұлғалардың бәрі де анықталды. Олар тәртіптік комиссия шешімімен жазаға тартылады. Тергеу изоляторында қолданылған заңсыз заттардың бәрі – мобильді телефон, Яндекс-колонка тәркіленіп, қызметтік тергеу материалдарына тіркелді. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді», - дейді адвокат.