«Қазақмыс» кенішінде қаза тапқан кеншілердің отбасыларына мемлекет қалай көмектеседі

Qaz365.kz редакциясы

«Қазақмыс» компаниясы қаржылай көмек көрсетеді

Фото: Depositphotos.com

Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпарат таратты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрлік дерегінше, Ұлытау облысында қаза тапқан кеншілердің отбасыларына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

«Қаза болған әрбір кеншінің асырауында балалары болғанын ескере отырып, олардың отбасыларына асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Жәрдемақы мөлшері қайтыс болған асыраушысының асырауындағы адамдардың санына және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі баласы бар жұмыссыз үш анаға да тағайындалады.

Қаза тапқан кеншілердің отбасына мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

Осылайша, асырауындағы бір адам үшін бюджеттен төленетін жәрдемақы мөлшері 42 530 теңгені, ал МӘСҚ-дан төленетін төлемдер – 141 523 теңгені, асырауында бес адам болса, жәрдемақы мөлшері 127 127 теңгені және МӘСҚ-дан төленетін төлемдер – 335 017 теңгені құрайды», - делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ аталмыш төлемдер баланың 18 жасына дейін, ал егер ол университетте күндізгі бөлімде оқитын болса – 23 жасқа дейін төленеді.

Қаза тапқан кеншілер отбасылары «БЖЗҚ»-дан 369 608 теңге (94 АЕК) мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем алады.

Сонымен қатар «Қазақмыс» компаниясы қаза тапқандардың отбасыларына ұжымдық шартқа сай мынадай көмек көрсетеді:

Жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін 550 АЕК (2 162 600 тг);

Қаза тапқан адамның отбасына жылдық орташа жалақының 10 еселенген мөлшерінде төлем (84 млн-нан 124 млн теңгеге дейін);

Асыраушысынан айырылу бойынша ай сайынғы төлемдер;

Балалардың оқу ақысын төлеу;

Қаза тапқан жұмысшылардың несиелері мен қарыздарын өтеу