"Жомарт" шахтасындағы апат: Арнайы комиссия шешімі қашан жарияланатыны белгілі болды

Nur-Altay Umirzak

Қазіргі уақытта шахтада жұмыс толығымен тоқтатылған

Сурет: Wikimedia

Ұлытаудағы "Қазақмыс" кенішіндегі “Жомарт” шахтасында орын алған төтенше жағдай мен оқиғаның себебі 10 күн ішінде анықталады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

“Қазіргі уақытта шахтада жұмыс тоқтатылды. Екі арнайы кіші комиссия құрылды: біреуі апаттың себептерін анықтауы керек, екіншісі қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын анықтауы керек. Кіші комиссиялар өз жұмысын 10 күн ішінде аяқтауы керек. Сондай - ақ тиісті сараптамалар жүргізу жоспарлануда”, –  деді Бозымбаев.

Премьер-министр Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевтың есебін тыңдап, одан кейін бірнеше тапсырма берді. 

“Үкімет атынан шахтадағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын.
Марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр. Оқиғанының мән-жайын мұқият тексеріп, зардаптарын жою керек. Қанат Алдабергенұлы, жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы туралы үнемі баяндап отырыңыз”, — деп атап өтті Премьер-министр.