Біраз жыл отандық басылымдарда жемісті еңбек еткен журналист Өмірзақ Ақжігіт өмірден өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қаралы хабарды марқұмның қызы Еңлік Ақжігіт жазды.
Бүгін мен асқар тау әкемсіз қалдым. Тек әке емес, досым, сырласым, әріптесім, жанашырым еді. Мені ерекше жақсы көретін. Себебі, мен туылғанда папамның ұйқысы ашылған. Басқа баласы жыласа оянбайтын әкем, мен туылғанда сәл жыласам тұрып өзі қараған. Әзіліміз жарасатын. Үнемі Ақжарқын, көңілді жүретін. Жан-жағына тек жақсылық жасап жүретін. Журналистикаға кеш келсе де, өте мықты журналист ол менің әкем еді. Өткен шақта жазған қандай ауыр. Жүрегім қарсы айырылып, ішімде бірдеңені жұлып алғандай болып жатыр. Тынысым тарылып барады. Кез келген адаммен тең сөйлесе алатын. Қазақша да, орысша да сауатты жазатын. Әдебиет, тіл, саясат, экономика, тарих, математика барлық саланың жеті атасын білетін, - дейді Еңлік.
Оның айтуынша, әкесі Алматыға оқуға түскенде қатты қуанған. Бір жағы, қызын уайымдайтын. Жатақханаға келіп тұратын жерімді көріп кететін. Дипломды қорғағанда да келіп өзі қатысқан.
Өмірзақ Ақжігіттің қызымын деп әрқашан мақтанып жүремін. Бірақ, әкесіз күнім қалай болады екен. Менің әкем, бұл жалғандағы ең керемет әке. Ең мықты, ең позитивті әке еді. Ең ақылды, ең білімді әке еді. Ең қамқор әке еді. Бір рет мен ауырып больницада жаттым. Әкем келіп терезесін сыртынан скочтап кеткен. Қызыма жел уілдемесін деп. Кімде бар сондай қамқор әке. Мен ауырсам, бірден сезетін. Үйге асығатын жұмысынан. Өз алдыма отбасылы болып кетсем де, мен ауырсам сезіп хабарласып тұратын. Бәрі жақсы ма деп. Енді мені олай кім сезеді. Кім мені еркелетіп, кім мені Айналайын деп маңдайымнан сүйеді. Әке, сізсіз қалай өмір сүремін мен, - деп жазды қызы қайғырып.
Айта кетейік, Өмірзақ Ақжігіт 1954 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданы, Ақтөбе ауыл кеңесінде дүниеге келді. 1970 жылы мектепті, 1976 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын тәмамдады. Зауытта, тресте, бірлестіктерде қызмет атқарды, Қазақ химия-технологиялық институтында «сопромат» пәнінен төрт жыл сабақ берді, Арыс және Сайрам аудандық әкімдіктерінде бөлім меңгерушісі, әкімнің кеңесшісі болып жұмыс істеді.
2003 жылдан бері журналистика саласында. «Жас Алаш» газетінде тілші, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде арнаулы тілші, «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Жас қазақ үні», «Қазақия» газетінде бас редактор болып қызмет атқарды. 2013 жылы бала тәрбиесіне арналған «Еліңнің ері бол, Арда-Шерім», 2014 жылы Қазақстанның 1995-2010 жылдар аралығындағы саяси-әлеуметтік және өндірістік ахуалына арналған «Жауғашты – істің адамы» атты, 2020 жылы «Тыныштық жақпайтын адам» атты кітаптары жарық көрді.
2004-2023 жылдар аралығында Қазақстанның белгілі тұлғаларымен жасалған екі жүзден астам сұхбаты, көптеген мақаласы жарық көрді.