Семейдегі 6-сынып оқушысының аяусыз соққыға жығылуы: Мектеп директоры тексеріледі

Qaz365.kz редакциясы

Зардап шеккен баланың алтыншы сынып оқушысы екені белгілі болды.

видеодан кадр

Семей қаласында  6-сынып оқушысын қатарластары аяусыз ұрып-соққан. Бұл жағдайдың видеосы әлеуметтік желіге тарап, қоғамда резонанс туындады. Қазір Абай облыстық полициясы тергеуді бастап кетті. Сондай-ақ облыстық білім басқармасы да аталған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Басқарманың ақпараты бойынша, соққыға жығылған оқушы  24 ақпан дүйсенбі күні сабағына қатысыпты. Бірақ соққыға жығылғаннан кейін медициналық көмекке жүгінбеген.

Абай аудандық білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша бақылаудың әлсіздігі және тәрбие жұмысының жеткіліксіздігі үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жауапкершілігі тексерілетін болады. Жағдай ерекше бақылауда, - делінген хабарламада.

Зардап шеккен баланың алтыншы сынып оқушысы екені белгілі болды.

Әлеуметтік желіде Семейде бір топ жеткіншек өз қатарласын соққыға жығып жатқан видео тарап кетті. Абай облысы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Жасөспірімдер полиция бөлімінде есепке қойылады. Олардың әрекеттері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияда қаралатын болады. Сонымен қатар, ата-аналар балаларының тәрбиесі үшін жауапкершілікті дұрыс орындамағаны үшін қатаң жазаға тартылады. Ал оқу орнының әкімшілігіне осындай оқиғалардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдау жөнінде нұсқау беріледі, - делінген полицияның хабарламасында.

Айта кетейік, видеодағы кадрда бір топ оқушының баланы теуіп, басынан ұрып, үстіне секіргенін көруге болады. Сонымен қатар, олар күліп, мектеп оқушысын бетке ұруға шақырған дауыстар естіледі. Қатты соққыға ұл балалармен қатар қыз балалар да қатысқан.

Куәгерлердің айтуынша, бұл оқиға Семей қаласындағы 343-ші ықшам ауданында болған.